Энергетика министрі Болат Ақшолақов: АЭС салу - неғұрлым перспективті шешім - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Энергетика министрі Болат Ақшолақов: АЭС салу - неғұрлым перспективті шешім

14.02.2022
Энергетика министрі Болат Ақшолақов: АЭС салу - неғұрлым перспективті шешім

Қазақстанда атом энергетикасын дамыту әлеуеті жеткілікті. Біз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орындамыз. Бізде ядролық отын компоненттері өндіріледі, сондай-ақ уранды изотопты байыту бойынша қызметтерге қолжетімділік бар.

Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов хабарлады.

«Өткен жылы Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Ядролық отын белсенді шығарыла бастады. Кадрлық әлеует пен тәжірибеге келетін болсақ, атом өнеркәсібі мен ғылым саласында бізде 24 мыңға жуық адам еңбек етеді. Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2010 жылдан бастап ядролық және техникалық физика бағыты бойынша 3 мыңға жуық кадр даярланды. Бұл ретте, өткен аптада Ресейде екі президенттің қатысуымен әлемдегі жетекші жоғары оқу орындары болып саналатын ресейлік жоғары оқу орындарында осы саланың кадрларын даярлау жөніндегі меморандумға қол қойылды», - деді министр.

Оның айтуынша, электр энергиясының алдағы тапшылығын, әлемдік экологиялық күн тәртібіне байланысты көмір генерациясына тәуелділікті төмендету қажеттілігін, өндірістік қуаттардың тозуын, сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы зор әлеуетін ескере отырып, елімізде АЭС салу - неғұрлым перспективті шешім болып саналады.


Хабарламаларға жазылу