Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Қазан Кремлін аралап көрді

Мемлекет басшысы Қазан Кремлін аралап көрді

Президенттің Мәскеуден Қазан қаласына барғанын айттық, Шерхан Жамбылұлының материалы. 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, арасын 800 шақырым жалғап еліміздің нөмірі бірінші борты бейсенбінің кешінде түркі дүниесі үшін қастерлі Қазан қаласына келіп қонды. Ресейдің өңірі Татарстанның Қазақстан үшін орны бөлек. Тілі мен діні ортақ бауырлас елмен бүгінде тығыз экономикалық байланыстар орнаған. Мәселен былтыр екі-жақты алыс-беріс 200 млрд теңгеден асып жығылды.

Бұған әрине, ел басшыларының жылы қарым-қатынасы да сеп. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рустам Минниханов үш аптаның ішінде екінші мәрте бетпе-бет жүздесіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең алдымен қонақжайлығыңызға рақметімді айтқым келеді. Айтсам ұят, бірақ мен Қазан қаласына тұңғыш рет келіп отырмын. Дипломат ретінде, БҰҰ қызметкері ретінде мен Африкада болдым, Еуропа, Түркия, Латын Америкаға барып бірақ Қазанда болған жоқпын, өте ұят. Дегенмен мен бүгін бірінші рет келіп отырмын. Өте ризамын.

Президенттердің кездесулері жиі болғанымен талқылайтын мәселелер аз емес. Қазір екі елдің бірлескен жобалары көбейіп келеді. Енді сауда-саттықты 1 млрд долларға жеткізу межесі тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұнда Қазақстан Президенті ретінде келгеніме өте қуаныштымын. Сізбен елімізде бірнеше рет кездестім. Біз көптеген мәселе туралы, соның ішінде Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту жөнінде сөйлестік. Екіжақты ынтымақтастыққа негізделген маңызды жобаларымыз бар. Егер Қазақстан мен Татарстан басшылары саяси ерік-жігер танытатын болса, бұл жобалардың жүзеге асырылатыны сөзсіз.
Рустам Минниханов, Татарстан Президенті:
Біз үшін бұл – үлкен мәртебе. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланыстар аясында Сіздің еліңізбен ықпалдастықты нығайту мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Қазақстан – Татарстан Республикасы үшін стратегиялық серіктес. Қазақстанның аймақтарымен көптеген келісім жасалған. Сіздің еліңізде табысты жұмыс істеп жатқан компанияларымызды көптеп мысалға келтіруге болады.

Қазақ пен татар арасындағы қарым-қатынасты «тарихи тіні үзілмеген достық» деп бағалауға болады. Екі елдің рухани және саяси-экономикалық байланыстары ежелден үзілмей келе жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы байланыстардың тарихы терең. Тарихымыз – ортақ. Бұл тақырыпта жазылған мақалалар мен кітаптарды қызыға оқимын. Оқыған сайын тарихи байланыстарымыздың соншалықты терең әрі сабақтасып жатқанына көз жеткіземін, тіпті таң қаламын. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты міндетті түрде дамыту керек деген пікіріңізді қолдаймын. 

Татарстан Ресей Федерациясындағы экономикасы дамыған өлкелердің бірі. Бауырлас халықтар бүгінде сауда-саттықты жолға қойған. Қазақстан Қазанға қарай сарымай, болат темірі, аккумуляторлар мен мұнай өнімдерін сатады. Ал татар кәсіпкерлері Қазақстан нарығында полимер, көлік дөңгелектері, химиялық тыңайтқыштарды саудалайды.

Альберт Каримов, Татарстан премьер-министрінің орынбасары:
Қазақстан біздің компанияларды қатты қызықтырып отыр. Себебі осыған дейін бірлесіп ашқан жобалар тиімді жұмыс істеп жатыр. Бизнеске қолайлы жағдай бар. Енді тікұшақ, кеме құрастыру, мұнай-газ инжинирингі, мотор құрастыру сынды салалардағы компанияларымыз қазақстандық әріптестермен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі.

Екі елдің ағайындық қарым-қатынасы экономикалық байланысты нығайтуға үлкен сеп. Рустам Минниханов елдер арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевты «Дуслик» орденімен марапаттады.

Қазандағы келелі кезлдесуден кейін Мемлекет басшысы Татарстан өндірісінің әлеуетімен танысты. Бүгінде Татарстан жылына 35 миллион тоннадай мұнай өндіреді. Қара алтынды шикізат ретінде сатып қана қоймай, жартысынан көбін тереңінен өңдеп, түрлі өнім шығаруды мықтап жолға қойған. Президентке өңірдің ғана емес тұтас Ресейдің мақтанышына баланатын «Танеко» компаниясының жұмысы таныстырылды.

Шерхан Жамбылұлы:
Бұл өндіріс Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Ресей аумағындағы соғылған алғашқы жаңа мұнай өңдеу зауыты. Әлемдік алып Шелл компаниясының өзі құрылыстың жеделдігі мен өнімнің сапасына таңданысын жасырмапты. Бүгінде татар мамандары қара алтынды тереңінен өңдеуді үйренген. Дәл осы зауытта мұнайдан 25 түрлі тауар шығарылады.

Мұнай өңдеу зауыты әлемдегі үздік ондықтың қатарына кіреді. Зауыттың жанармайы Еуро-6 стандартына сай. Қазақстан мұнай зауыттарының түртіп алар дүниесі аз емес.

Илшат Салахов,  «Танеко» АҚ бас директоры:
Бүгінгі күнде кешен жылына 16 млн тонна мұнай өңдейді. Ашық түсті мұнай өнімдерінің үлесі 85 пайыз. Бұл бізді заманауи әлемдік зауыттардың қатарына қосады. Сондай-ақ барынша экологиялық таза өндіріске ден қойып отырмыз. Көмірқышқыл газын ауаға жіберуді азайту үшін жаңа технологияларды енгіздік.

Татарстан мұнай компаниясы Қарағанды облысында көлік дөңгелектерін шығаратын алып зауыт соғып жатыр. Инвестиция көлемі 125 миллиард теңге. Мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Қазір біздің мамандар Татарстандағы кәсіпорында өндірістің қыр-сырын меңгеріп жүр.

Александр Смышляев, «Kamatyres kz» компаниясының директоры:
Мемлекетаралық келісімге сай жұмысшылардың барлығы жергілікті тұрғындар болады. Өзімізге қажетті мамандарды Татарстандағы зауыттарда оқытып, өндірістік тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Жалпы зауытта жылына 3,5 миллион шина өндіріледі.

Осыдан кейін мемлекет басшысы КАМАЗ зауытына барды. Бұл марканың өнімдері көпшілікке жақсы таныс. ТМД аумағындағы әрбір үшінші жүк көлігі - Камаз. Қазіргі ауыр техникалар бұрынғыларынан әлдеқайда көш ілгері.

КАМАЗ Қостанайда зауыт соғып жатыр. Қазақстанда көліктің бөлшектері құрастырылады. Тағы бір топ қазақстандық жұмысшылар татар жерінде тәжірибе жинап жүр.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Татарстан өндірісінің бүгінгі әлеуетін бағалады. Арнайы көрме ұйымдастырылып, президентке жергілікті машина, тікұшақ, мұнай саласының өнімдері көрсетілді.

«Анау қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр» деп 20-ғасырдың басында Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақ халқына бауырлас елдің экономикасы мен ілім-ғылымын үлгі етіп көрсеткен еді. Бүгінгі Татар елінің өндірісі мен күнкөрісінен үйренеріміз әлі де бар көрінеді.

Шерхан Жамбылұлы, Досжан Маратұлы


Бөлісу