Автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасының утилизациялық алым мөлшері азаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасының утилизациялық алым мөлшері азаяды

09.02.2022

Автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасының утилизациялық алым мөлшері азаяды. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтты. Өндірушілерлің кеңейтілген міндеттемелері операторының қызметі мемлекетке өткеннен бері бұл тақырып өте қызу талқылануда. Көп адам утиль алымның мөлшері азайса көлік бағасы түседі деп үміттеніп жүр. Қайта өңдеуші саладағы кәсіпкерлердің де көңілі алаң. Өйткені, утилизациялық алымнан түсетін қаражаттың бір бөлігі соларды қолдауға бағытталған.
Перизат Тасболатова соңғы 1,5 жылдан бері картон және қағаз қалдықтарын жинаумен айналысады. Алматыдағы өңдеу зауытына тапсырған шикізаттың әрбір келісі үшін 37 теңге субсидия алып жүр. Жол шығынына да 70 пайыз мөлшерінде демеу қаржы бар. Алайда РОП операторының қызметі тоқтағалы бері соңғы өтінімдеріне субсидия төленбеген.
Перизат Тасбулатова, кәсіпкер: 
 Тексерілген өтінім бойынша РОП шамамен 4 миллион теңге қарыз. Тоқтатқаннан кейін тағы жібердік қой біз, олар әлі тексерілмеді. Ол жерде 5-6 жүк көлігі бар, 800 мың теңгеден. Сонда жалпы қарыз 10 миллиондай болады.
Қаптама қалдықтарды тасымалдайтын, өңдейтін және қайта кәдеге жарататын компанияларға да субсидия берілетін. РОП операторының орнына келген «Жасыл даму» олардың алдындағы бүкіл қарыз қайтарылатынын хабарлады.
Жанат Саматқызы, «Жасыл даму» АҚ бас директоры: 
Қазіргі таңда оператор РОП-тың осы күнге дейін атқарған жұмысына аудит жүріп жатыр. Сол аудиттан кейін «Жасыл даму» қаптама қалдығын жинаушылар мен өңдеушілердің, сондай-ақ, ескі көлігін жоюға тапсырған азаматтардың алдындағы міндеттемесін толық орындайды.
Қазақстанда утилизациялық алым 500-ден астам тауардан алынады. Оның ішінде авто техникалардан бастап, қайта өңдеуді қажет ететін барлық тауар түрлері еніп отыр. Үкімет автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасының утилизациялық төлемін азайтпақ. Бірақ оның мөлшері қандай болатыны әлі белгісіз.
Лаура Мәлікова, тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы: 
 Утиль алымның мөлшерінде тек қана авто компонтенттерді, яғни шина, аккумулятор, май, сүзгі - материалдық құндылығын жоғалтқаннан кейін соларды жинап, өңдеуге кететін шығындар ғана ескерілу керек. Яғни, автопромды қолдауға көзделген ақшаны мүлдем алып тастау керек.
Еліміздегі белсенділер автокөліктің утиль алымын 100 мың теңгеден асырмауды сұраған. Ал өзі міну үшін шетелден көлік әкелетін жеке тұлғаларды төлемнің бұл түрінен мүлде босату қажет деп есептейді. Мәжіліс депутаттары болса утилизациялық төлемге уақытша мараторий жариялауды ұсынды. Қазір бұл мәселенің бәрін арнайы жұмыс тобы қарап жатыр. Қандай шешімге келгендері асы айдың соңында белгілі болады.

Хабарламаларға жазылу