Көлік сатып алуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жаңғыртылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлік сатып алуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жаңғыртылмақ

06.02.2022

«ҚазАвтоПром» автоөндірушілер кәсіпорындарының одағы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік алуға жеңілдетілген несиені тек отандық автоларды рәсімдеуге беру ұсынысын құптамайды. Иә, жеңілдетілген несиемен көлік сату жайлы ұсыныс болған. Бірақ әлі нақты шешім жоқ. Қандай нұсқа ұсынылып отыр? Шарттары қандай? Бұл бір жағы. Екіншіден, жаңағы «ҚазАвтоПром» -ның айтып отырғаны не? «Тұрғындарға жеңілдетілген несиемен көлік алуға мүмкіндік жасау - тек құптарлық. Бірақ тек отандық көлік рәсімдеуге рұқсат беру оңтайлы шешім емес. Адамда таңдау құқығы болуы керек», дейді олар. Тақырыпты Оңғар Алпысбайұлы талдайды. 

Қазір Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесие бағдарламасын қайта іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Бағдарлама шарттары бұрынғыдан өзгеше болмақ: Көлік құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Мерзімі бұрынғыдай, 7 жыл. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 4 пайыз. Басты өзгеріс алғашқы жарнасыз болуы мүмкін. Сондай-ақ, бірнеше қосымша бағдарлама да енгізілмек. Көпбалалы отбасыларға, әскерилерге, дәрігерлер мен мұғалімдерге жеңілдіктер қарастыру көзделген. Бірақ оның шарттары әзірге белгісіз. «Алғашқы отбасылық автомобиль» ұғымы да енгізілуі мүмкін.

Нұрболат Қисабеков 5 жылдан бері такси жүргізушісі болып күнін көріп отыр. Жекеменшік көлігі жоқ. Жалға алады. Күніне 9 мың, айына 270 мың теңгені біреуге береді. Шығынынан бөлек өзіне де пайда табу үшін тәулігіне 18-19 сағат жұмыс істеуге тура келеді дейді ол.

Нұрболат Қисабеков, қала тұрғыны:

Тамағымыз бар, квартирамыз бар, одан жаңағы таксопарктің комиссиясы бар 21 пайыз. Бізге бір мандырымсыз бірдеңе қалады да арғы жағында. Ол өте қиын да бізге. Өте қиын. Жаңағындай бағдарламаны көтеріп, 4 пайыз несиемен берсе бізге бізге өте орынды болар еді дә. 100 мың төлесек айына 170 мыңы қосымша болып кіреді дә айына.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Мынадай су жаңа көлікті міну кімнің де болса арманы ғой. Жылы, жайлы, ең бастысы сынып мазаңызды алмайды. Кемінде 5 жыл еш жөндеусіз жүре бересіз. Кейбір зерттеу бойынша лақсасы шығып, тозған көліктердің ай сайынғы жөндеуі мен қосалқы бөлшектерге кететін шығынға қарағанда осындай көліктердің несиесін төлеген әлдеқайда тиімді. Ал ол несие 4 пайызбен болса тиімділігі тіптен артады.

Алайда, тиімді деп қарызға малына берген де дұрыс емес. Уақыты келгенде әр тиынның сұрауы болады. Онсыз да қазақстандықтар несиеге белшесінен батқан.

Бірінші несие бюросының мәліметі бойынша тек 3 млн қазақстандықтың кредиті жоқ. Ақшалай алған қарыз 11 трлн теңгеге жуық. Тұтынушылық несие 5 трлн 300 млрд теңге. Тұрғын үй ипотекасы 3 трлн 400 млрд, ал, автонесие 1,1 трлн теңгеден асады.

Қазір Қазақстанда 4,5 млн автокөлік бар. Автонарықты сараптау және мониторинг жүргізу орталығының дерегі бойынша 50 пайызының зауыттан шыққанына 20 жылдан асып кеткен. Олар технологиялық, экологиялық, қауіпсіздік тұрғысынан тозған. Бұл бағдарлама елдің автопаркін жаңарту мүмкіндігін арттырар еді. Ал, қазір жаңа көлік бізде ғана емес бүкіл әлемде тапшы болып жатыр. Арзан несие сұранысты одан сайын арттырары сөзсіз. Бұл біріншіден көліктің бағасын қымбаттатуы мүмкін. Екіншіден, күрт өскен сұранысты біздің өндірушілер қанағаттандыра ала ма?

Денис Коломацкий, «Hyundai Auto Kazakhstan» компаниясының директоры:

Қазақстанда сатылатын көліктердің 65 пайызы біздегі жаппай өндірістегі көліктер. Ол көліктерді біз құрастырамыз. Иә, пандемияның кесірінен біраз тоқырау болды. Бірақ біз қазір өндіріс қуатын арттырып келеміз. Халық сұранысын толық жаба аламыз.

Ілияс Оспанов, ҚР Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы:

Ресми статистикаға сәйкес 2020 жылы елде 75 мың машина әзірленді. Жалпы. Оның 8 мыңы экспортқа жолданды. Ал осы сан 2021 жылы 24 пайызға асып, 92800 автокөлік өндірілді. Машина жалпы өндірілді.

Бұл пікірмен «ҚазАвтоПром» одағы келіспей отыр. Қазақстандық көлік өндірушілері онсыз бірқатар міндетті төлемнен босатылған. Мемлекет есебінен емес, нарық заңы бойынша өмір сүретін уақыттары жетті дейді.

Асқар Әміртаев, «ҚазАвтоПром» одағының басқарма төрағасы:

Қазақстанда жасалған көліктердің 5 пайызы ғана ұсақ торапты тәсілмен құрастырылады. 60 пайызы шетелден дайын келген бөлшектерді бір біріне қосу әдісі бойынша құрастырылады. Сондықтан бұл көліктердің өзін Қазақстанда жасалған деп айту қиын.

Ал, тек қазақстандық көліктерді несиелендіру халықты таңдау құқығынан айыру деп есептейді. Жалпы, несиені утильдік алым есебінен беру жоспары бар.

Асқар Әміртаев, «ҚазАвтоПром» одағының басқарма төрағасы:

Оператор РОП-тың шотына түскен ақша шетелден кіргізілген көліктердің төлеген ақшасы ғой. Қазақстанда құрастырылған көліктер утильдік алым төлемейді. Сондықтан утильдік алымнан түскен қаржыға сырттан кіргізілген көліктерді жеңілдетілген пайызбен берген әділ болады деп есептейміз.

Ал, автомобиль нарығын зерттеп жүрген сарапшы Нұраддин Садықов «Оператор РОП»-тың жинаған ақшасын халыққа несие қылып беруге түбегейлі қарсы.

Нұраддин Садықов, «Утилизацияға жол жоқ» қозғалысының мүшесі:

Халықтың өзінен жинаған алымның ақысын өзіне қайтадан үстеме пайызбен қандай да 4 пайызбен болсын басқа да болсын несиемен беру бұл енді сверх наглость. Индустрия министрлігі маған мынаны айтсыншы неғып тоқтап қалды бұл егер тиімді жоба болса? Егер үкіметке, халыққа тиімді жоба болса неғып тоқтап қалды бұл? Себебі белгілі олигархаттардың, белгілі топтың ғана тауарын өткізуге бағытталған дүние болатын. Мемлекет есебінен... Енді соны қазір халық есебінен жасағысы келіп отыр. Халықтың жиналған ақшасына оны таратқысы келіп отыр. Сондықтан бұл өте қиын, өте алаяқтық әрекет.

Осының алдындағы жеңілдетілген несие бағдарламасы 2015 жылы іске қосылған. Қаржыландырудың жалпы лимиті 82 млрд теңге. Қазір револьверлік қайтарым принципі бойынша жұмыс істеп тұр. 30 мыңнан астам адамға қарыз берілген. Бағдарлама қашан жаңғыратынын министрлік дөп басып айта алмады.

Ілияс Оспанов, ҚР Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы:

Біз асықтырып жатырмыз. Жұмыс тобы 1-2 апта әлі жұмыс жүргізетін болады. Үйткені білесіздер ол жерде өте көп мәселелер бар. Соның барлығын қарап бір келісілген шешім қабылдауы тиіс жұмыс тобы.

Жаңа Қазақстанда жасалған жобалар алдымен тұрғындарға тиімді болуы керек. Әйтпесе жерлестеріміз алдымен біреудің қарызын жабады. Бала-шағасының ризығын амалсыздан екінші орынға ысырады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу