Қаңтардағы оқиға да олигополия орнаған газ нарығында картельдік келісімнің болуынан туындаған - Экономист - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтардағы оқиға да олигополия орнаған газ нарығында картельдік келісімнің болуынан туындаған - Экономист

06.02.2022

Енді мынадай бір деталь. Orda.kz порталындағы материалға сүйенсек, «Инстант Пейментс» деген компаниямен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы келісім-шартты бұзған. Кеше. Аталған компания Әлия Назарбаеваға тиесілі деп жазады портал.

«Инстант Пейментс» «Қазақстан темiр жолы» ҰК және «Қазақтелеком» АҚ -на делдалдық қызмет көрсетеді. Интернет арқылы пойыздарға билет сатуды және ұлттық байланыс операторының төлемдер қабылдауын қамтамасыз етеді, өздерінің сипаттамасына қарағанда. ҚТЖ жылына 15-20 млн билет сатады, оның жартысы онлайн рәсімделеді, демек «Инстант Пейментске» электронды билет сатудан 300 млн-нан 500 млнға дейін түседі деп есептеген портал. Оның қызметін «Қазақтелеком» әлі де пайдалана бере ме, жоқ па, білмейміз. «Қазақстан темір жолы» бас тартты сөйтіп.

Айтпақшы, әлеуметтік желіде темір жол билетінің, дәлірегі арзандағанын жазды, Қалмаханбет Мұқаметқали есімді адам. «Бірдеме өзгере бастаған сияқты ма, қалай? Мысалы, пойыздың билеті арзандапты. Ұлдың астанадағы жатақханасына жақын болсын деп, ескі вокзалға тоқтайтын отарбаға мінетінбіз, оған Алматы - Қызылжар арасына жүретін ұшқыр пойыз ыңғайлы. 14 сағатта жетіп барасың. Тек, билеті қымбат-ты... 23 мыңға купе, үстіңгі орын алған күн болды ғой, тіпті жаңа жыл алды 28 мың теңге болған. Енді сол пойыздың елордаға дейінгі билеті 9 мың бірдемеге түсіпті, билет пішен 32 мың тұратын люкс орында арзандапты».

Соңғы кезде жиі айтылып кеткен монополия, олигополия тақырыбын қаузап көрелік. Данияр Қайыртайдың талдауы.

Данияр Қайыртай, тілші:

Президент кейінгі бірнеше сөзінде «монополия», «олигополия», «картель» ұғымдарын көп айтып жүр. Әрқайсын түсіндіріп көрейік. Алдымен – монополия. Мұндай жүйеде белгілі бір тауар не қызмет нарығында бір ғана алып компания жұмыс істеп, басқа шағын және орта ойыншылардың пайда болуына жол бермейді. Осылайша нарықты жеке-дара билеп төстейді, бағаға әсер етіп, көп пайдаға кенеледі. Монополист-компанияның басында көбіне биліктегі тұлғаларға жақын не сыбайлас адам отыратыны сондықтан.

Динара Мұқаева, ҚР БҚДА Тергеу департаменті картельдермен күрес басқармасының басшысы:

Тиісті бір нарықта үстемдік үлесі жоғары, доминант компания болған жағдайда ол компания біржақты сол нарықта бағаның деңгейіне әсер етуі мүмкін немесе сол нарықтағы бір шешуші жағдайға ықпал етуі мүмкін.

Данияр Қайыртай, тілші:

Монополия, шартты түрде, табиғи және жасанды деп бөлінеді. Біріншісінің қызметін мемлекет реттейді, екіншісімен – күреседі. Күресуге тырысады, әйтеуір. Табиғи монополияға электржелілерін басқаратын «Kegoc», мұнай тасымалдайтын «ҚазТрансОйл», теміржол тасымалымен айналысатын «Қазақстан Темір жолы» секілді компаниялар немесе әрбір елді мекендердегі коммуналдық қызмет ұсынушы мекемелер жатады.

Петр Своик, «Прозрачный тариф» қауымдастығының төралқа төрағасы:

Табиғи монополиялар деген бар. Олардың белгілі бір секторда бәсекесіз тауар не қызмет ұсынуы, бірінші кезекте, халыққа тиімді. Айталық, энергетика, жылу, су, газбен қамтамасыз ету компаниялары. Егер бұл нарықта басқа бір ойыншы пайда болса, тарифтер қымбаттауы мүмкін. Себебі бұл инвестициялық шығынды көп қажет ететін инфрақұрылымдық қызмет түрлері. Сондықтан табиғи монополия керек. Оны тек реттеу керек.

Данияр Қайыртай, тілші:

Жасанды немесе әкімшілік монополия мемлекеттік органдардың шешімдері негізінде пайда болады. Яғни белгілі бір тауарды өндіруге бір ғана компания лицензия алса немесе белгілі бір қызметті атқаруға бір ғана мекемеге құқық берілсе. Мысалға «Сергек» бейнебақылау жүйесін келтіруге болады. Айтпақшы, жасанды монополия өзі табиғи монополия саналатын теміржол нарығында да бар екен.

Уәлихан Қайсаров, экономист:

Мысалы маған бір кәсіпкер хабарласты. ҚТЖ Ресейден шпалға қағатын костыльды 10 доллардан сатып алады екен, біреуін деп айтты. Ал мен шығарсам, 1 доллардан шығара алам дейді. Бірақ менен алмайды дейді. Өйткені Ресейге беріп тұрған 10 доллардың ішінде 5 доллары пара сияқты, откат дейді ғой, сосын тағы 3 доллар тағы біреуге, фактический 1 доллар себестоимость, ал қалған 9 доллар жымқырылатын ақша.

Данияр Қайыртай, тілші:

Енді олигополияға келейік. Ол – ұқсас тауар өндіретін не қызмет көрсететін бірнеше компанияның нарықта үстемдік құруы. Олар өзара бәсекелес болып, нарыққа жаңа компаниялардың кіруіне жол бермейді. Олигополия ішіндегі бәсекенің өзі шартты. Оларға бағаға не өндіріске қатысты кез келген шешімді өзара келісе отырып, шығарған тиімді.

Динара Мұқаева, ҚР БҚДА Тергеу департаменті картельдермен күрес басқармасының басшысы:

Әуе тасымалдау нарығында «Самұрық Қазына» холдингіне қатысты авиакомпаниялар мен «СКАТ» авиакомпаниясы, мысалы. Ұялы байланыс нарығында «Қазақтелеком» группалық компаниясы және «Кар-Тел», яғни «Билайн» компаниялары бар. Мұнай нарығында үлесі үлкен үш компания бар: «Қазмұнайгаз», Петролеум оперейтинг және Петросан компаниялары бар.

Тізімді жалғастыра беруге болады. Мысалы, көмір өндірісінде «Шұбаркөл көмір», «Қаражыра» және «Богатырь көмір» компанияларының үлесі зор. Электрқуаты нарығында «Самұрық Энерго», «Қазақстан коммуналдық жүйелері» және «Орта азия электроэнергетика корпорациясы» үстемдікке ие. Сондай-ақ, жасырын ойыншылар да бар.

Петр Своик, «Прозрачный тариф» қауымдастығының төралқа төрағасы:

Жанар-жағармай материалдары нарығын алайық. Жарайды, жанармай құю бекеттерінің атаулары әртүрлі болғандықтан, нарықтық бәсеке бар деп ойлайық. Ал мұнайды бір жерден сатып алып, оны мұнай өңдеу зауыттарына сататын, сөйтіп өңделіп шыққан тауарды тағы сатып алып бекеттерге тарататын кім? Біз оларды білмейміз. Коммерциялық құпия дейді. Бірақ олар монополист екені анық. Сол сияқты фармацевтика саласы да – монополия, олигополия деп нақты айта алам. Бірақ кім деп сұрасаңыз, мен жауап бере алмайм. Өйткені тағы да сол – коммерциялық құпия. Сол құпияның бәрін ашу керек.

Динара Мұқаева, ҚР БҚДА Тергеу департаменті картельдермен күрес басқармасының басшысы:

Олар бір-бірімен сөз байласып, нарықтағы бағаны ұстап тұруға ықпал етуі әбден мүмкін. Сондықтан егер олигополиялық нарық болса, ол жерде картельдік сөз байласу мүмкіндігі бар. Жанармайдың болмай қалатын кездері бар, талонмен беретін кездер – осы ғой, картель деген? Иә, осындай сөз байласуларды картель дейміз. Сол түбінде қымбатшылыққа әкеле ме? Әбден мүмкін.

Қаңтардағы оқиға да олигополия орнаған газ нарығында картельдік келісімнің болуынан туындаған, дейді экономист.

Уәлихан Қайсаров, экономист:

Картельдер, мұнаймен айналысатын, газбен айналысатын, бидаймен айналысатын, теміржол тарифімен айналысатын, оларды картель деп айтады. Картельдер синдикат құрып сговорға барды. Газдың бағасын көтереміз деп. Ал оларға сговорға бару үшін мүмкіншілік кім берді? Биліктен. Өйткені биржаға салыңдар деді. Биржаға кедергімен салды. Сөйтіп бағасы биржада бағасы екі есе өсіп кетті. Оның бәрі жасанды түрде жасалған.

Президент былтыр фармацевтика нарығындағы картельді ретке келтіруді тапсырған. Бірақ қазір тергеу жұмыстары тоқтап тұр. Себебі микро және шағын бизнесті тексеруге тыйым салу туралы мораторий бар. Осы аптада сол құжатқа картельдік келісім жасасты деген күдік болса тендерге қатысушыларды тексеруге болады деген өзгеріс енді. Олар қалай анықталады?

Динара Мұқаева, ҚР БҚДА Тергеу департаменті картельдермен күрес басқармасының басшысы:

Мемлекеттік сатып алу порталы бар, соған мониторинг жүргіземіз. Көбіне схема қалай: екі не одан көп компания алдын ала сөз байласады, осылай біз қатысамыз, мемлекет тиісті бағаны қояды, содан бір компания сәл төмен түсіреді бағасын, ал екінші компания одан сәл түсіреді. Анықталып жатады, олар бір IP-адрестен өтінім бергендері, бір мекенжайда, кейбір кезде бір офисте отырады. Көбінесе екі компанияның да қызметкерлері бір адамдар болып шығады.

Енді мұнымен қалай күресу керек?

Петр Своик, «Прозрачный тариф» қауымдастығының төралқа төрағасы:

Мұнымен қалай күресу керек дейсіз бе? Ешқалай. Қазақстан нарығы олигополияға бейім екенін түсіну керек, болды. Реал тіршілік сондай. Ал реттеуге болады. Біріншіден, біз монополияға қарсы органдардың қызметін күшейтуіміз керек. Олигополия ойыншылары картельдік келісімге бара алмайтындай етіп заң жазу керек. Екіншіден, қоғамның бақылауын, тәуелсіз кәсіби экспертизаны ұйымдастыру керек. Ал ол үшін «Қоғамдық бақылау туралы» дұрыс заң қажет. Үшіншіден, компаниялардың қызметі ашық болуы керек, ешқандай құпия болмауы шарт.

Қазақстан экономикасын зерттеуші Айдархан Құсайынов та біздің нарықта олигополиялық құрылым болуы заңдылық дейді. Себебі нарық кішкентай.

Айдархан Құсайынов, экономист:

Тіпті біз үшін олигополия ең тиімді нарық үлгісі десек болады. 3 мұнай өңдеу зауытымыз бар. Төртіншісін салу керек, дейді кейбіреулер. Бірақ ол біздің ішкі нарыққа сыймайды. Үшеуі жеткілікті. Мысалы, 20 үйі бар ауылда бір-ақ дүкен болады. Екеу, үшеу болмайды, керегі де жоқ. Себебі нарық көтере алмайды. Сондықтан бізде көптеген сектордың олигополиялық жолмен дамудан басқа жолы жоқ. 19 млн халық бар дейміз. Бірақ ол нарық емес. Нарықты 8 млн адам ғана құрайды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Демек Президент деолигополизация туралы айтқанда олигополияның орнына таза бәсекелі нарық қалыптастыруды ғана емес, елдегі олигархаттың алып компаниялардағы қызметін босатуы қажеттігін де меңзеуі мүмкін. Себебі осы күнге дейін монополистер де, олигополистер де биліктегі тұлғаларға жақын не сыбайлас адамдар болғанға ұқсайды. Ұсталып, дәлелденбегесін заң талабына сай, болғанға ұқсайды деуге мәжбүрміз. Бізге салса, болған.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу