Жаппай тәртіпсіздік кезінде лаңкестер Үлкен Алматы көлін уламақ болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаппай тәртіпсіздік кезінде лаңкестер Үлкен Алматы көлін уламақ болған

31.01.2022

Жаппай тәртіпсіздік кезінде лаңкестер Үлкен Алматы көлін уламақ болған. Шекара қызметінің сарбаздары аталған аумақта күзетті күшейтіп, көлге апарар жолдағы экобекеттен заңсыз өтпекші болған бірнеше күдіктіні ұстаған. Олардан қару-жарақтар тәркіленді. Жалпы қаңтар трагедиясы кезінде 100-ден астам шекарашы жарақттанған.

Нұрсұлтан Тілектесов, тілші:
Алматыда жаппай тәртіпсіздік басталған кезде қаладағы, жалпы облыстағы стратегиялық маңызы бар нысандарға қауіп төнді. Солардың бірі – Үлкен Алматы көлі. Қала халқының 30 пайызын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған бұл көлді лаңкестер улауы мүмкін деген ақпарат тараған. Бірақ, мұнда күні-түні кезекшілік ететін шекара қызметінің әскерлері оларды бұл аймаққа өткізбеген.

Сарбаздар 6 қаңтар сағат түнгі он бірлер шамасында эко бекеттердің бірінен әрекеттері күдікті азаматтарды тоқтатады. Көлігін тексеру барысында қомақты қаржы, қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылады.

Алден Айдарбеков, «Алмаарасан» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары:
Көліктің жүк салғышын тексермекші болдық. Олар қашуға ұмтылды. Ескерту оғын атып, тоқтаттық. Ішінен бес адам түсті. Тескеру барысында 7 оғы бар 12 калибрлі винчестер, қан жұққан пышақ пен 600 000 мың теңге ақша таптық.

Кейін күдіктілердің Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қару-жарақ дүкендерін тонауға қатысқаны анықталған. Шекарашылар Орталық алаңдағы бүлікті тоқтатуға ат салысқан. Салдарынан 5 сарбаз ажал құшып, 100-ден астамы жарақаттанған.

Ануар Ахметжан, ҚР ҰҚК Өңірлік әскери госпиталінің басшысы:
Госпитальге түскендердің 20%-ы ауыр хәлде әкелінді. Олар оқ жарақатын алғандар, ашық сынықтармен келіп түсті. 28 ота жасадық.

Әскери ауруханаға 144 сарбаз жеткізілген. 40-қа жуығына алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылды. Қазір госпительде 8 әскери қызметкер жатыр.

Нұрым Ақантаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының капитаны:
Екі аяқта да табан сүйегі сынып кеткен. Бірінші қабаттан шығуға мүмкіндік болмады, себебі терористер өрт қойған екен. Екінші қабаттан шықтым.

Ауыр жарақаттанған Мәрлен Ережепбаевтың аман қалуына шекарашылар жәрдемдескен. Қорғаныс шебінде тұрғанда, екі аяғына бірдей оқ тиіп, жүре алмай қалған.

Мәрлен Ережепбаев, ІММ МКҚ басқармасының аға лейтенанты:
 Оқ тигенін сездім жүгіріп бара жатқанымда. Есімнен танып қалып, ертесіне жансақтау бөлімінде есімді бір-ақ жидым.

Қаңтар трагедиясында шекара қызметінің сарбаздары қауіп-қатерге қарамастан, отан алдындағы борышын адал атқарды.

Нұрсұлтан Тілектесов

Хабарламаларға жазылу