Алматыда лаңкестік кезінде 149 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда лаңкестік кезінде 149 адам қаза тапты

17.01.2022

Жаппай тәртіпсіздік пен лаңкестік кезінде Алматы қаласында 149 адам көз жұмды. Олардың 11-і құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің басшысы мәлімдеді. Қанат Таймерденов қаза болған азаматтардың басым бөлігі қарақшылар мен террорист екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаппай тәртіпсіздік кезінде сонымен бірге бейбіт тұрғындар да қаза болған.  

Әуелі бейбіт басталған митинг кейін қарулы қақтығыстарға, жаппай тәртіпсіздіктер мен ұрлық пен тонауға ұласқан. Бүлікшілердің жүйелі жоспары да болғанға ұқсайды. Тәртіп сақшыларын шаршатып, шашыратып тастау үшін «әр жерде бомба бар» деген жалған қоңыраулар шалған. Лаңкестер қару-жарақ дүкендеріне басып кіріп, ішіндегі мылтықтар мен тапаншаларды өздерінің жымысқы әрекетіне пайдаланған. 

Қанат Таймерденов, Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы:  

Барлығы бүгінгі таңда 1347 қару ұрланған. Оның ішінде 501-і мылтық, 807-і теріс ұңғылы және 39 газ травматикалық қару. Осының барлығы нақты ұйымдастырылған. Олардың іс-әрекеті топ жетекшілерімен үйлестірілген. Түскі уақытта кем дегенде 10 мыңнан аса адамнан тұратын шабуылшылардың колонасы басып алынған коммуналдық көліктердің көмегімен жолды бұзып өтіп, қала әкімдігін басып алуға әрекеттенді.

Лаңкестердің көздеген нысандардың бірі полиция департаменттері болды. Ұрыс тәсілдерін кәсіби меңгерген адамдар түнімен ғимараттарға 27 рет шабуыл жасаған. Тіпті көпқабатты үйлердің төбесіне жасырынған снайперлер полицейлерге оқ атқан. Қанат Таймерденовтың сөзінше, қарулы қылмыскерлер қала көшелерінде бейберекет оқ жаудырып, кедейсоқ өтіп бара жатқан адамдарды, дүкендегі сатып алушылар мен көлікті беруден бас тартқан жүргізушілерді өлтірді. Тіпті олар мәйітханаларға шабуыл жасап, өз жақтастарының мүрдесін ұрлап кеткен.  

Қанат Таймерденов, Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы:  

Бұл күндері мәйітханаға 7 шабуыл болды, оның барысында қайтыс болғандардың 41 мәйітін белгісіз адамдар ұрлап әкетті.

Жалпы тәртіпсіздік кезінде қала көшелерінде 356 көлік зақымданған немесе толық жойылған. Олардың жартысына жуығы полицейлерге тиесілі. Қаланы қылмыскерлерден тазарту үшін қаңтардың алтысынан бері антитеррорлық операция жалғасып жатыр. Полиция жаппай тәртіпсіздік бойынша 400-ден астам іс қозғап, 200-ден аса адамды қамауға алды. Қала прокуроры Берік Жүйріктаев осылай дейді. 

Берік Жүйріктаев, Алматы қаласының прокуроры: 

Прокурорлар Президент тапсырмасына сәйкес, ауыр қылмыстары жоқ адамдарға жазаны жеңілдету бойынша тиімді іс-шаралар қабылдады. Жасалған құқықбұзушылықтарды лайықты бағалаймыз. Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, қала прокуратурасы 71 адамға әкімшілік жазаларды жеңілдетті. Біз уақытша ұстау изоляторынан 91 адамды босаттық.

Бүлік кезінде бас-аяғы 2 мыңға жуық нысанға зақым келген. Қазір оқиға орнынан табылған айғақ заттар – киімдер, бейнежазалар мен саусақ іздері зерттеліп жатыр. 

Шерхан Жамбылұлы 


Хабарламаларға жазылу