«Қаңтар трагедиясы»: Тәртіпсіздік кезінде зардап шеккендерге өтемақы төлене бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қаңтар трагедиясы»: Тәртіпсіздік кезінде зардап шеккендерге өтемақы төлене бастады

27.01.2022

Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен және жұмыс істеген дәрігерлерге, полицейлер мен құтқарушыларға өтемақы төлене бастады. Бүгінге дейін 211 адамға ақша аударылған. «Қаңтар трагедиясында» өз борышын өтеу кезінде қаза тапқандардың да жақындарына материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектесов тарқатып айтады.

Нұрсұлтан Тілектесов, тілші: 
Біз қазір Алматы қаласында орналасқан №8 өрт сөндіру бөліміндеміз. Шаһарда жаппай тәртіпсіздік басталған кезде бұзақылар мұнда баса-көктеп кіріп, мына техникаларды айдап әкетуге тырысқан. Бірақ, құтқарушылар оларға қарсы шығып, техникаларды иемденуіне жол бермепті.

Бастарына қауіп төнсе де, апат орнына аттанған жігіттерді жолда бұзақылар ұстап алып соққыға жыққан. Олардың үшеуі жарақат алып, қазір ем қабылдап жатыр. Ерлік танытып, жұмыстарына адал болған қызметкерлердің еңбегі елеусіз қалмады. Солардың бірі - Камиль Магомедов.

Камиль Магомедов, қалалық ТЖД №8 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері: 
Адамдарды құтқаруға тырстық. Мүмкіндік болған жерде өртті өшірдік. Бірақ бізге митингте болғандар кедергі келтірді. Соған қарамастан біздің қызметкерлер борышын адал атқарды. Соған байланысты мемлекет тарапынан бізге сыйақы берілді. 

«Қаралы қаңтарда» қара жамылған Асылхановтар отбасы асқартауымыздан айырылдық дейді. Алмалы аудандық полиция бөлімін лаңкестерден қорғау кезінде ажал құшқан полиция аға сержанты Әлен Асылханов небары 28 жаста еді. Нағыз батырдың үлгісін көрсете білген азаматтың артында бір жарым жасар ұлы қалды. Бүгінде мақұмның жақындарына қалалық әкімдік тарапынан баспана беріліп, материалдық көмек көрсетілген. Сондай-ақ банк алдындағы кредиті де кешірілді.

Ұлмекен Макашева, Ә.Асылхановтың жары: 
Қызметке 2015 жылы тұрып еді. Биыл 7 жыл болады екен деп өзі таң қалып жүрген. Жаңа жыл күні сменге түсіп қалды. Бір тәуліктік жұмысы еді. Сол кешкі сегіздер шамасында шабуыл болған дейді. Содан кейін хабар болмай, тек ертесі күні хабарды білдік. Үкімет жағынан, ПБ тарапынан барлық көмек көрсетіліп жатыр. 

Бүлік кезінде өз міндетін адал атқарған қызметкерлерге ақшалай сыйақы берілді. Бұл мақсатта 686 млн теңге қарастырылған.

Нұрсұлтан Тілектесов, тілші: 
Тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен және жұмыс істеген дәрігерлерге, полицейлер мен құтқарушыларға өтемақы төлеу қаңтардың 24 басталған еді. Бүгінде аталған көмекті 211 адам алды. Айта кету керек, өтемақы төлеу процессі әрі қарай жалғасады. 


Хабарламаларға жазылу