Мұхаммед Хайдар Дулати мұраларының қатары толықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұхаммед Хайдар Дулати мұраларының қатары толықты

25.04.2014
Мұхаммед Хайдар Дулати мұраларының қатары толықты

Қазақ тарихының Геродоты атанған ғұлама, терең ойшыл Мұхаммед Хайдар Дулати мұрасы жаңа зерттеу еңбектермен толықты.
  
 Тараз Мемлекеттік университетінің жанындағы ғылыми-зерттеу орталығы ғалымдары ұзақ жылғы ізденістен соң «Мырза Хайдар Дулат Тарих-и Рашиди энциклопедиялық туынды» және «Тарихи Рашиди еңбегінің парсы тіліндегі текстологиясы» деп аталатын екі кітапты жарыққа шығарды.
  
 Бұл еңбектер ғұлама ойшылдың Өзбекстан және Тәжікстан мұрағаттарынан табылған қолжазба еңбектері негізінде жазылған. Тараз қаласында өткен «Дулати оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында жаңа кітаптардың тұсауы кесілді.
  
 150-ден аса ғалым қатысқан халықаралық басқосу осымен 8-ші рет өтіп отыр. Бұған дейінгі конференцияларда ғылымның барлық саласы қамтылған болса, бұл жолы ойшыл-оқымыстылар тек Дулати мұрасы төңірегіндегі ғылыми ізденістерін сөз етті.
 
Махметғали Сарыбеков, М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің ректоры:
Осы күнге дейін Дулатидің төрт-ақ қолжазбасы бар деп айтылатын. Соңғы деректерге қарасақ, шетелде табылған қолжазбалар саны 11-ге жетіп отыр. Сол үшін оларды зерттеу, жастарға жеткізіп, соның негізінде ғылыми жұмыстар жариялау - ұлттық мұрамыздың келешегі үшін қажет. 
  
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу