Германияда Қазақстанның мәдени орталығы салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Германияда Қазақстанның мәдени орталығы салынады

22.04.2014
Германияда Қазақстанның мәдени орталығы салынады
Қазақтың мәдениетімен, салт-дәстүрімен бұдан былай еуропалықтар етене таныс болады. Өйткені, Германияның Айфель аймағында Қазақстанның мәдени орталығы бой көтереді. Мемлекеттік қорықтың 39 гектарына орталық тұрғызуға жариялаған неміс үкіметінің грантын қазақ кәсіпкері Жанна Штрак ұтып алды.
 
Үкілі домбыра, қамшы, қошқармүйіз оюымен безендірілген көрпешелер, тіпті күбі де тұр қақ төрде. Жаннаның қонақ бөлмесі жанға жайлы. Үйіне келген меймандар алдымен қазақтың ұлттық бұйымдарымен, музыкалық аспаптарымен танысады. Сонан соң, тағамнан дәм татады. Бұған дейін жылқы етін жеп көрмегендердің қазір қазы-қарта ең сүйікті тағамы.
 
Жанна Штрак, «Eifel&More Kompanie» компаниясының президенті:
Біз олардан нақтылықты үйренсек, олар бізден қонақжайлылықты, тамақ беруді, үлкенді сыйлауды, келген қонақ сыйлауды үйреніп жатыр. Еуропада ата-анасын қарттар үйіне жібереді. Біздің қасымыздағы достарымыздың бәрі, біз айтқан философиямымызбен, Қазақстанды көріп,қарттар үйіне өткізбей, өздері бағып отыр.
 
Жамбыл облысының тумасы Жаннадан жолдасы Николас пен неміс жұртшылығы талай нәрсені үйренді. Қандасымыз қазір Айфель аймағына белгілі кәсіпкер, әрі депутат. Осы абыройдың арқасында, жерлесіміз жақында мемлекеттік қорықтан 39 гектар жер ұтып алды.
 
Нұрсұлу Қасым, тілші:
11 мың гектар жерге созылған Айфель қорығында бүгінде қызыл кітапқа енгізілген 900-ден астам жан-жануар мен құстар мекендейді. Енді осы керемет ұлттық парктің ішінде Қазақстанның мәдени орталығы бой көтереді.
 
Көпұлтты Қазақстанның тәжірибесін әлемге үлгі ететін «Еуразия» ордасының қағаздағы жобасы қазір дайын. Инвесторлар табылса, құрылыс жақын күндері басталады.
 
Жанна Штрак, «Eifel&More Kompanie» компаниясының президенті:
130 ұлттың Пасха болсын, Айт болсын, Наурыз, Жаңа жылды бірге тойлағаны керемет қой. Соны үйрену керектігін үлкен адамдар да, жастар да айтып жатыр. Осы философия бізге керек деп. Соны үйрету мақсатымыз. 
 
Мұнда салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттайтын орталықтан бөлек, 300 демалыс орны мен спорттық алаңдар салынады. Қазақ тілін үйренем деушілерге курстар ашылады. Бірлікті ту еткен қазақ елінің тың жобасын жүзеге асыру үшін Жанна отандық кәсіпкерлерді құрылысқа белсене атсалысуға шақырады. 
 
 
Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу