Бибігүл Дәндіғараева лаңкестік кезінде музей қызметкерлерінің басынан өткерген қиындықтарымен бөлісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бибігүл Дәндіғараева лаңкестік кезінде музей қызметкерлерінің басынан өткерген қиындықтарымен бөлісті

23.01.2022

Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіғараева бастаған музей қызметкерлеріне қатысты жүрек тебірентерлік оқиғаның жалғасы бар. Олардың музей жертөлесінде жараланған полицейлер мен курсанттарды жасырғаны мәлім. Бірінің анасы Махсудам Яхиярова баласы мен оның бірнеше жолдасын музейден аман алып шыққан. Жазира Оразқызының материалы.

Жазира Оразқызы, тілші:
Бүлікшілер қалалық әкімдікке тиіп тұрған мына ғимаратты да тас-талқанын шығарып, қиратып кеткен. Небір құндылықтарымызды қолды қылып, нысанға орасан шығын келтірді. 

Жо-жоқ, дәл осындай мәтін жазып, бейнематериал беруіміз мүмкін еді. Бірақ музей қызметкерлерінің табандылығы мен қайсарлығы, өжеттігі мен батылдығы арқасында 300 мыңға жуық жәдігеріміздің біреуіне залал келген жоқ. Қазақстанның ежелгі дәуірінен бастап бүгініне дейінгі терең тарихынан сыр шертетін Мемлекеттік орталық музейі бәз-баяғы қалпында тұр. Таңғажайып оқиға демеске амал бар ма?!

5 қаңтарды музей қызметкерлері қорқынышпен еске алады. Алматыда аты-шабыс, тәртіпсіздіктердің қызған кезі. Әсіресе, орталық маңы тура соғыс алаңындай еді.

Бибігүл Дандығараева, ҚР мемлекеттік орталық музей директоры м.а.:
Біз жүгіріп шыққанда, 6-7 адам мына жердегі дабыл сигнализациясын сындырып қойған. Мониторды сындырып тастаған. Есік  ашық. Мына жердегі бейнекамерасын сындырып тастаған. Қарасам, жас өрімдей балалар екен. 20-дан асқан жас жігіттер екен. Балалар, алтындарым, сендер қайда келіп тұрғандарыңды білесіңдер ма, бұл музей ғой. Бұл әкімшілік ғимараты емес. Бұл жерде халықтың құндылығы сақталып тұр. Сендердің, біздің тарихымыз бар дедім.

Музейге 200-дей адам басып кіреді. Олардың көздегені – тарихи экспонаттар, әсіресе, «Алтын адамның» түпнұсқасы, алтыннан жасалған қару-жарақтар еді. Дегенмен, 7 қызметкер мәдени мұраларды сақтап қалу үшін бар күшін салады. Әрі... Әрі бүлікшілерден қорғау үшін жараланған әскерилерді бірнеше қабат төменде орналасқан жертөлеге жасырады.

Асхат Жасағанбергенов, мамандандырылған мемлекеттік күзет қызметі басқармасының қызметкері:
Осы мұражай қызметкерлері бізге алғашқы көмек көрсетті. Менің қасымдағы жігіттердің біреуінің қабырғасы сынған, біреуі аяқтан жарақат алған.
Бибігүл Дандығараева, ҚР мемлекеттік орталық музей директоры м.а.:
Мына жақтан жаралы курсанттарды көрдік.  Жап-жас бала он сегіз ба, он тоғыз ба білмеймін, біздің музейге қарап, біз жаққа қарай келе жатыр екен, тағы 3-4 адам өтіп бара жатты.  Бүйтіп қарасам, жаралы жас балалар. Бірден ашып кіргізіп алдық.

Сарбаз Азиз Мансұров жараланған кездегі киімін көрсетіп жатыр. Сол күні ол қалалық әкімдікке күшейтілген күзет қажет болғандықтан, жұмысына шұғыл шақыртылған. Алайда шабуылдар кезінде жараланып, музейді паналауға тура келеді. Соның арқасында аман қалды.

Азиз Мансұров, бүлік кезінде жараланған сарбаз
Мені 4-5-еуі ұстап алды, тағы 3-еусі келді. Аяғыма пышақ тығып, қолындағы дубинкасымен қабағымды жарды, тоқтамай қан ақты. Сол кезде әскерилер оқ жаудырды. Сол сәтті пайдаланып олардың қолынан сытылып шығып, музейге аттандым. 

Әкімдікке шабуыл жасалғанын естіген Махсудам ұлын ойлап, тұла бойы түршігіп кетеді. Аласұрып, республика алаңына аттанады. Байыз таппағанмен, ана жүрегі баласының аман екенін сезді.

Махсудам Яхиярова, Азиздің анасы:
Алдында Азиз бейтаныс нөмірден хабарласып, музейде екенін айтқан. Дереу музейге келсем, бірнеше қаруланған кісі жүр екен. Ішіндегі әйелдерге ұлымды іздеп келгенімді айттым. Олар мені дәретханаға барғысы келген адам ретінде көрсетіп, жертөлеге апарды. Ұлымның киімін ауыстырып, көлікке отырғыза бастағанымда, басқа жараланғандар бар екенін және оларсыз ешқайда кетпейтінін айтты. Тағы киімдер тауып, оны үстімізге қабаттап киіп алып, музейге кірдік. Жігіттердің киімдерін ауыстырып, көлікке отырғызып, барлығын қауіпсіз аймаққа алып кеттік.

Азиздің анасын ішке кіргізіп, әскерилердің аман-есен шығуына көмектескен – Қанат Мырзагелдіұлы. Сол күні музейді қорғап қалу үшін жұмыста қалған санаулы қызметкердің бірі.

Қазір нысанға келген шығын есептелеліп жатыр. Бастысы, еліміздің байырғы және басты музейіндегі құнды жәдігерлер сақталып қалды. Сол үшін қызметкерлер 2 түн көз ілмей, күзеткен.

Сондай теңдессіз жәдігердің бірі, әрі бірегейі әрине, «Алтын адам». Азаттық пен тәуелсіздігіміздің басты нышаны. «Алтын адам» сияқты жәдігерлермен бедерленген біздің тарих өлмейді де, өшпейді де.



Хабарламаларға жазылу