Жеке тұлғаның банкроттығы туралы. Бұл жайында Президент қаңтардың басында айтты. Дәлірегі – 5 қаңтарда. Тиісті заң қабылдау керек. Осы аптада Үкімет басшысы тапсырмаға байланысты жиын өткізіпті. Жалпы, жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң керегін айтып жүргеніне бірнеше жыл болғандар бар. Мәжіліс депутаты Дания Еспаева, мысалы.
Жеке тұлға банкроттығы туралы заң әзірлеуді бұрынғы президент 2014, 2015, 2018 жылдары тапсырған. Сол аралықта көп рет талқыланды. Қоғам ішінде де, мемлекеттік органдар да. Арнайы ведомствоаралық комиссия жұмыс істеді. Дүниежүзілік банкпен ақылдастық. Әйтеуір, 2016 жылы заңның тұжырымдамасы жасалды, ал 2017 жылы заң жобасы әзірленді. Оны қаржыгерлер, банкирлер, депутаттар әр түрлі алаңда сынады, қарсы болды. Сөйтіп 2018 жылы заң жобасы бойынша жұмыс тоқтатылды. Одан кейін қайта бастауға әрекеттер болған. Сол кездегі Қаржы министрі Әлихан Смайылов «Заңды қабылдауға басты қарсылас – ұлттық банк. Бірақ біз компромиске келуге тырысамыз» деп мәлімдеді. Бірақ қолынан келмеген сыңайлы. Енді оған премьер-министр ретінде істі соңына жеткізудің мүмкіндігі туып тұр. Қаңтардағы оқиғалар кезінде президент Қ.Тоқаев осы заңды мақұлдауды тапсырды.
Осы заңның 4-5 жылдан бері қабылданбай келе жатқаны – мүдделер қақтығысы деуге болады. Екінші деңгейлі банктер оған мүдделі емес. Кезіндегі Азия дағдарысы кезінде 98-жылдары, 2011-2012 жж болған дағдарыстарда мемлекет қалай біздің ЕДБ-ге ұлттық қордан ақша бөлу арқылы көмектесті? Мемлекет қай банк болмасын, оның банкрот болып қалмаудан, үлкен қаржылық қиындық болып қалудан алдын алып отырады. Ал дәл қазіргі уақытта +08,30 ЕДБ өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін осы жерде көрсетуі керек.
Жеке тұлғаларға қатысты банкроттық институты біресе 2017 жылы, біресе 2018, енді бірде 2021 жылы енгізіледі деген уәделер неге орындалмағаны түсінікті болды. Тағы бір себеп – жалпыұлттық декларациялаудың басталауын күтуіміз. Логика түсінікті: азаматтар бүкіл кіріс-шығысын жария ете бастаса, қазыналық органдардың қолында банкрот болғысы келетін адам жөнінде сол күнге дейінгі барлық ақпарат болады. Яғни араға алаяқтар кіріп кетіп, өзін банкротпын деп жариялай алмайды. Бірақ декларациялаудың өзі неше рет кейінге шегеріліп отырды емес пе? Әйтеуір, былтыр 1 қаңтарда алғашқы кезеңі басталған. Ал жалпыұлттық декларациялауға кезең-кезеңімен жеткенше – 2025 жыл болады.
Кейінгі 4 жылда банктер алдындағы қарыз 2 есе өсті. Ал бізге 2025 жылы басталатын жалпыұлттық декларациялауды күтіңдер деп жүрді. Оған дейін халықтың несиеленуі тіпті шектен шығып кетеді емес пе?! Сондықтан жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды шұғыл қабылдау керек. Мемлекет қайта-қайта 2019 жылғыдай несие рақымшылығын жариялай бере алмайды ғой!
Дания Еспаева және «Ақ жол» партиясынан сайланған басқа да депутаттар осы уақытқа дейін Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң керек деп он рет сауал жолдапты. Тіпті өз заң жобасын әзірлеп қойған. Әр түрлі банк пен микроқаржы ұйымынан бірнеше несие алып, оны төлей алмай жүрген борышкерлерге дереу көмектесу керек дейді депутат.
Банкроттық туралы заң азаматты күнкөрісіне қажет ақшасынан, жалғыз үйінен айырмай, қарыз өтеу кестесін реттеуге мүмкіндік береді. Ол үшін құзырлы орган банкрот болған борышкерге қаржы әкімшісін тағайындайды. Ол қарыз алушының бүкіл табысын зерттейді және күнкөрісіне қажет шығынын есептейді. Артылған соманы кредиторларға ай сайын біркелкі етіп бөлу үшін жаңа кесте түзеді.
Сонда азамат берешегін де өтейді, дүние-мүлкін де сақтап қалады. «Ақ жол» әзірлеген нұсқаның басты ерекшелігі сол – банкрот болған борышкерді жалғыз баспанасынан айырмауды көздейді.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Ең бастысы адамдардың басындағы бір баспанасының қалуына және банк тарапынан салынатын несиелік жүктеменің азаюы. Яғни ол табысының тек 10-15 пайызын ғана несиесін жабуға жұмсап отырады. Ал қалған қаражаты отбасын бағуға, басқа күнделікті қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік алады. Бірақ та ол қосымша шектеулерге түседі. Шетелге шығу мүмкіндігінен айрылады, екіншіден, несиелік, қаржылық органдарда жұмыс істеуге немесе кейбір елдерде кәсіппен айналысуға, мемлекеттік қызметпен айналысуға шектеу қояды деген сияқты.
Данияр Қайыртай, тілші:
Заң жобасының жаңа ресми нұсқасы әлі жарияланған жоқ. Қаржы министрлігі әзірге комментарий беруден бас тартты. Бірақ алғашқы нұсқасы бұрын талқыға түскенін айттық. Соған сүйенсек, заң авторлары борышкердің мәселесін екі түрлі жолмен шешуді ұсынады: сотқа дейінгі және сот арқылы. Сотқа дейінгі рәсімі «Ақ жолдың» нұсқасына ұқсас. Онда борышкердің қарызын өтеу кестесі қайта құрылып, оны бес жыл ішінде біртіндеп төлеуге міндеттеледі. Ал мәселе сот арқылы шешілсе, азамат банкрот деп танылып, оның дүние-мүлкі сатылады да одан түскен ақша кредиторлармен есептесуге жұмсалады. Егер борышкердің мүлдем мүлкі болмаса, қарыз өтеуден босатылады...
Бақдаулет Құрманбаев, заңгер:
Қазіргі нұсқа бойынша банкроттық рәсімді қозғайды, ол бойынша 6 ай бойы қарастырады, табысын зерттейді. Егер болмай жатса, сіздің қарызыңызды кешіреді. Сондықтан заңды әлі де қарастыру керек. Себебі бұл жерде банктердің, кредиторлардың құқығы бұзылып тұр. Жалпы бізде заңды тұлғалардың банкроттығы бар. Бүкіл әлемнің тәжірибесі бойынша жеке тұлғалардың банкроттығы заңды тұлғалардың банкроттығымен сәйкес келеді.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Кәсіпорынның банкроттығы деген – оның негізгі капиталы бар, құралдары бар, мәселен, ғимараты бар, жері, қондырғылары, көлігі бар. Соларды сатып, сол кәсіпорынның салықтан қарызын, адамдардың айлығынан қарызын, құрылтайшылардың инвестициясын қайтарады. Былай айтқанда кәсіпорын сатылады. Енді егер біз соны жеке адамға өткізетін болсақ, біз адамды сата алмаймыз ғой. Ол адамның түгі жоқ. Ол адамның үйі болуы мүмкін, болмауы да мүмкін. Енді жалғыз үйі дейін десек, соны егер банкке кепілдікке қойған болса, биліктегілер айтады, үйге тимесін дейді.
Банк, микроқаржы ұйымдары секілді барлық ойыншылардың басын қосқан Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы да елде заңды тұлғалардың банкроттығы институты сәтті қолданылып келетінін айтады. Сол тәжірибеге сүйенуді ұсынады.
Ләззат Үсенбекова, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі директоры:
Табысы деңгейі жетпей жатып, күнделікті жағдайға несие алынып жатса, одан кейін несие алуға жағдайы болмай, банкротқа жаппай кіріп жатса, кешіріліп жатса, онда экономикаға әсері өте зор болады. Біріншіден, несие берушілер – тек қана банктер емес, микроқаржы ұйымдары бар, олар өздерінің несие беру көлемдерін қарастырып, несие ұсынуды төмендетуі мүмкін. Одан кейін несиенің сыйақы ставкалары ептеп өсуі мүмкін. Сондықтан осы заң жобасында барлық тараптардың мүдделерін толықтай және бір-біріне теңдестіріп, балансқа келтіру керек деп ойлаймыз.
Ұлттық банктің 2021 жылғы қорытынды мәліметі бойынша, жеке тұлғаларға берілген несиелердің жалпы көлемі 9,7 трлн тг екен. Ал төленбеген қарыздың жалпы мөлшері 676 млрд тг, оның ішінде төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен берешек – 358 млрд тг. Сарапшылар осы қарыз иелерін потенциалды банкрот тұлғалар деп тұжырымдайды.
Мәселен, астаналық Гүлшат Жұмағалиеваның төленбей жатқан төрт несиесі бар. Бірін – он баланы киіндіруге, енді бірін – қажет техникаға алған, әйтеуір қолдағы ақша жетпегесін банктердің көмегіне жүгінгенбіз дейді.
Гүлшат Жұмағалиева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Сөздің шыны керек, пособиемен күн көріп жатырмыз. Жолдасымның ақшасы қосымша. Солардың 70 пайызына кредит төлеуге мәжбүрмін. Енді қазір 3-4 ай болды кредит төлей алмай отырмын. Қазір маған бөтен біреу звондаса, мен телефонды көтере алмаймын. Өйткені кредиттен звондап тұр ғой деп ойлаймын.
Данияр Қайыртай, тілші:
Банкроттық институты осындай тұлғалардың әлеуметтік жағдайын тұрақтандыру үшін қажет. Біріншіден, күнкөріссіз қалмайды. Екіншіден, оны ешкім мазаламайды, қоқан-лоқы көрсетпейді. Тіпті Қаржы министрлігі әзірленіп жатқан заңның атауын жұмсартып, «Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру туралы» заң деп қойыпты. «Банкрот» деген сөзден шошытып алмау үшін шығар. «Банкрот» сөзі рас, селк еткізеді.
