Наразылықтарға белгісіз адамдардың араласып, соңы қанды қырғынға ұласқаны мәлім. Сол бір дүрбелең шақта ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов қызметінен босатылды, көп ұзамай Мәсімовтің тұтқындалғаны хабарланды.
Ал оқиға мен жалпы ахуалға баға берген 11 қаңтардағы үлкен жиында Қ.Тоқаев былай деді: Радикалды шаралардың нақты орындаушыларын дайындау жасырын түрде жүргізілген. Ұлттық қаупісіздік комитеті уәкілетті орган ретінде осы бүлдіргі жұмыстарға нақты баға бере алмады және бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке төнген аса үлкен қауіпті көрмеді. Бірқатар қалада Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қызметтік ғимараттарды ондағы қару мен құпия құжаттармен бірге соғыссыз тастап кетті.
Бұл «мынау былай, мынау былай» дәл сипаттауға мүмкіндік бермесе де, көп нәрседен хабар береді. Кәрім Мәсімовке «Отанға опасыздық жасау», «билікті күштеп басып алмақ болды» және «лауазымын асыра пайдаланды» деген айыптар тағылған. Оның 2016 жылы ҰҚК басшысы болып тағайындалғанға дейін екі рет премьер-министр, президент әкімшілігінің жетекшісі секілді жоғары лауазымды қызметтер атқарғанын білеміз.
Тағы бір ақпар – осы аптада Н.Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылды.
Сонымен бірге ҰҚК төрағасының тағы үш орынбасары Марат Өсіпов, Дәулет Ерғожин және Әнуар Садықұлов 9 қаңтарда қызметінен алынды, Өсіпов тұтқындалған жоқ, соңғы екеуі тұтқындалды. Сонда ҰҚК төрағасының 9 орынбасарының 4-і босатылып, комитет басшысын қосқанда, ҰҚК 3 басшысы қамалды.
ҰҚК жаңа басшысы болып Ермек Сағымбаев тағайындалды. Ол Президент жанындағы қауіпсіздік қызметінің басшысы болған.
Сонымен осы саланы ішінен білетін адам іздедік. Бұл оңай емес, белгілі. Кезінде комитет төрағасының кадр бойынша орынбасары болған генерал-майор Ержан Исақұлов келісті.