Қаңтар трагедиясынан зардап шеккен қарапайым адамдар туралы. Алаңдататыны - алаңға атқарушы билікке талап қойып шыққан азаматтар бар. Тіпті басым көбі солай шықты. Ал олардың полиция тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырауына байланысты қоғамда наразылық күшейгесін ІІМ-ң өзі сенім телефондарын берген. Прокуратура шағымданғандардың арызы бойынша не айта алады? Дегенмен мәселенің екінші жағы бар. Дүкені, дәмханасы қирағандардың мәселесі бір бөлек, алматылық суретші Мария Ильницкаяның барлық картинасы өртеніп кеткен. Ол «енді сурет салмаймын» деп отыр. Міне, мынадай суреті бар еді: Мария сурет сала берсе ғой. «Суретті» билік салмауы керек. Амангелді Сейітханның материалы.
Қаңтардағы қасіретті оқиға қаншама отбасын қайғыға батырды. Бірі жақынын жоғалтса, бірі денсаулығынан айырылды. Сондықтан қоғам іс әділ тергеліп, шын кінәлілер анықталғанын талап етіп отыр.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Күштік құрылымдар мойнына қылмыс тағып жатыр, адам құқығы бұзылуда деген пікірлер таралып жатыр. Мемлекеттік құзырлы органдардың қызметі обьективті болуы керек. Барлық жайт жасырылмай ашық айтылуы міндетті. Асыраушысынан, ұрпағынан айырылған адамдарға өз қайғысымен өзін қалдырмай, жапа шеккен әр адамға әкімдіктер, мемлекет, қоғам тарапынан көмек көрсетуі тиіс деп есептеймін.
Отбасының тірегінен айырылып, қара жамылып отырғандардың бірі Сәкен Битаевтың жары. Кино саласында режиссер, оператор болып істеген Сәкен 5-і күні түнгі 10-да қасына досын ертіп, оқиғаны таспаға баспақ болып, көшеге шыққан. Бірақ оққа ұшты. Жары Гүлбахыт ауруханаға жедел жетсе де, тілдесіп үлгермеген. Ал, оқиға қалай болғанын досынан естіген.
Олар мінген көлік қазір сараптамада. Ал, мына видеодан машинаға 4-5 оқ тигені көрінеді.
Гүлбақыт Баекенова, С. Битаевтың жары:
Артқы номерге тиген оқ, артқы багажниктен, артқы орындықтан өткен. Алдыңғы орындықта отырған Сәкенге тиген ғой, тура өкпесіне тиген.
Сәкеннің артында қалған жары оған кімнің, не үшін оқ атқанын түсінбейді. Сондықтан кінәлілер анықталып, әділ жазаланғанын қалайды. Ал, кішкентай екі қызы әкесінің опат болғанын да білмейтіндей...
Әділдік талап еткендердің бірі 3 оқ тиіп, ауыр жараланған Шолпан Бегайдарова. Ол 6-қаңтарда балаларына дәрі алу үшін көшеге шыққан. Орталық алаңға жақын жолмен келе жатқанда біреулер көлігіне оқ атқан. Екі оқ жамбасына тисе, үшінші оқ омыртқасын жанап өткен. Әйтеуір дереу ауруханаға жеткізіліп, аман қалыпты.
Шолпан Бегайдарова, зардап шеккен қала тұрғыны:
Көлікте қиналып жатқанымда полицияның арнайы жасағы келіп, шағын автобуспен ауруханаға әкелді. Ал, дәрігерлер жедел қимылдап, аяғымды сақтап қалды. Ең қиыны, бүйрегім зардап шегіпті. Қазір жағдайым қалыпты, бірақ, әлі ұзақ емделуім керек.
Шолпан үш баланың анасы. Оларды жалғыз бағып отыр. Пәтер жалдап тұрады. Сондықтан ертеңіне алаңдаулы...
Ал, талдықорғандық Дәурен Тәліпов өзгеге көмектесем деп жүріп, өзі мерт бола жаздады. Ол блок-бекеттерде тұрған сарбаздарға ыстық тамақ жеткізбек болып жүргенде күтпеген жерден оқтың ортасында қалған.
Дәурен Тәліпов, қала тұрғыны:
Жан-жақтан быт-шыт атыс болып кетті. Машинаны бұрып бірнеше кварталды айналып өтемін деген жерде осы оқиға болып қалды.
Дәурен де кінәлілердің анықталғанын қалайды...
Қызылордалық Мақпал Мизамбаеваның екі ай бұрын несиеге алған көлігі өртеніп кетті. Оқиға болған күні жолдасы машинаны сауда орталығының қасына қойып кеткен. Бірақ, түс ауа сол маңды астаң-кестең қылған бұзақылар бұл көлікті де жағып жіберген.
Мақпал Мизамбаева, қала тұрғыны:
Адамдар бір-бірін аямай, қырғын не боп жатқан соң алып үлгермедік. Біздің не жазығымыз бар. Бізде қарапайым жұмысшымыз. Бір айлыққа қарап отырған адамбыз. Кредитке алғанбыз. Әлі бес жыл төлеуім керек.
Енді жоқ көліктің несиесін төлеймін бе деген ол істің ақ-қарасы анықталса,-дейді. Ал, Гүлшат Қамысбаева қазір түрмеде отырған баласына алаңдаулы. Айтуынша, сол кезде емделіп жүрген 21 жастағы ұлы Сүндетті полицейлер жазықсыз ұстап әкетіпті.
Гүлшат Қамысбаева, қала тұрғыны:
Тоғайбаев Сүндет 5-қаңтарда Төле би мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы ауруханаға келген. Дәрігер қарауында болған. Клиникадан келе жатқанда жамбасыма оқ тиді, больницадамын, аяғыма гипс салды, балдақпен жүріп жүрмін деген. Балам соңғы рет 8 күні кешкі алтыдан кейін хабарсыз. Митингке қатыспаған, ешқандай кінәсіз баламды СИ-18 түрмесінде неге ұстап отыр мен түсінбеймін.
Қолымда құжаттары болса да ұлымды босатпай жатыр,-дейді ана. Ал, соңғы кезде елдің түкпір-түкпірінде адамдардың заңсыз ұсталып, азапталғаны жөнінде ақпарат көбейді. Сондықтан заңгер Абзал Құспан тергеу әділдігін тексеретін қоғамдық комиссия құруды ұсынды. Артынша осы мәселе бойынша мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен кездескенін жазды.
Абзал Құспан, заңгер:
Кешегі бейбіт митингіге қатысушылардың барлығын бірдей экстремист, террорист деуге болмайды. Олар бірінші кезекте біздің азаматтарымыз. Олардың қандайда бір құқық бұзушылығы болатын болса ол қолданыстаға заң аясында заңмен кепілдік берілген құқықтары сақтала отырып тергелуі тиіс.
Ал, прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты 819 іс тергеліп жатқанын хабарлады. 972 адам қамауға алынған. 464-і терроризм бойынша. Ал, тергеу кезіндегі полицияның заңсыз әрекетіне қатысты 91 шағым түскен. Олардың 19-ы расталмаған, бірақ, кейбір өңірде кінәсіз ұсталғандар анықталып, босатылып жатыр,-деді.
Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары:
Қаңтар оқиғасына қатысты 9213 әкімшілік іс қаралды. Сот шешіміне сәйкес шын өкінген және мән-жайдың жеңілдігін ескере отырып 4561 тұлғаға ескерту жасалды. Сонымен қатар прокурорлардың өтініш-хатының негізінде 1083 адам қамаудан босатылып, 450 айыппұл жазасы ескертуге ауыстырылды. Одан бөлек 386 әкімшілік іс құқықбұзушылық құрамның болмауына байланысты тоқтатылды.
Біз бүгін қаңтар оқиғасы кезінде жапа шеккен тағдыр иелерінің бірнешеуін ғана көрсеттік. Ал, прокурутура осы оқиға кезінде 4300-ден астам адам жарақат алып, 225 адам қайтыс болғанын өткен аптада хабарлаған. Бірақ, олардың аты-жөндері әлі жарияланбады.
