Президенттің жұмадағы ірі кәсіпкерлермен кездесуі елең еткізді. Тіпті ол 11 қаңтардағы жиыннан да маңыздырақ болған тәрізді. Себебі мемлекеттегі бүкіл проблема айтылды. Ол проблемаларды, дерттерді азаматтық қоғам талқылайтын, бірақ жоғары атқарушы билік үндемейтін, естімейтін. Бұл жолы Президенттің өзі баяндады. Сондықтан.
Қарапайым адамдарға қатты ұнайтын «жаңа ойын ережесі» бекігелі тұрғандай. Себебі Мемлекет басшысының мына позициясы жалпы атқарушы биліктің де басты қағидасына айналса, енді бұрынғыдай болмауы керек.
«Мен үшін мемлекеттің мүддесі кез келген қарым-қатынастан жоғары. Қажет болса, өте қиын шешім қабылдауға дайынмын», «Платон менің досым, бірақ ақиқат қымбат». Президент сөзін Раушан Сайлауқызы сығымдап береді.
Президенттің ірі бизнес иелері мен Үкімет мүшелерінің басын қосуы тегін емес. Өйткені жалпы ахуалға билікпен бірге ірі бизнес те жауапты. Демек мәселелерді бірге шешкен керек. Ал елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы сын көтермейді. Қаңтарда «ішек» үзілді. Тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялайтын кез келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сондықтан шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесе кірісу керек. Таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн.
Елдегі бай мен кедейдің әл-ауқаты жер мен көктей. Миллиондаған тұрғынның айлығы, шайлығына жетпей жүр. Есесіне елдің жарты байлығы 162 адамның қолында. Жалпы экономикалық өсім болғанмен, игілігін санаулы адам көріп келеді. Әлеуметтің әлсіреуіне - табыстағы теңсіздік себеп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек.
Жағдайды өзгерту үшін жаңа экономикалық саясатты қайта жаңғырту қажет. Бірақ реформалау - біреудің барын тартып алу деген сөз емес. Тек бизнес иелері әділ бәсекелестік, ашықтық, әлеуметтік жауапкершілік сияқты қағидаларды қақ алдына қадап жазып қоюы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінгі сөз болып отырған реформа «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін тағы да қайталап айтамын. Бұл ақымақтық және жауапсыздық болар еді. Міндет – сіздерді, ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тарту. Өндіріске инвестиция салу, сапалы жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру.
Шетелдік жұмыс күшін тартудың қажеті жоқ. Жұмыссыздар елімізде де жетіп артылады. Ал кәсіби мамандарды дайындауға өздеріңіз атсалысыңыздар. Отандық бизнесмендерге Президент осындай талап қойды. Сонымен бірге халық «Неге бизнестің барлық түрі бір қолда?» деген сауалды бекер қоймайды. Себебі Президент айтпақшы, Гегель мен Бабельді ажырата алмайтындардың жолы болғыш. Негізі неміс философы мен совет жазушысының аты аталатын анекдот бар. Ал білімі терең, идеясы жеткілікті, пайымы жоғары азаматтар бизнес көздеріне, несие ресурстарына қол жеткізе алмай әлек. Тамыр-таныс арқылы қызметке тағайындалу, коррупция жолымен баю – міне, осыны көріп отырған халық ашынады. Иә, мақсат біреудің бизнесін тартып алу емес. Тек табыс барынша адал болуы тиіс. Және оны шетелде ғана жарату принципі жүзеге аспайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Егер, Сіздер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – Сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді.
Салық. Әсіресе, ірі компаниялар да бұл күрделі мәселеге айналған. Сылтау тауып, жалтаратын алпауыттар аз емес. Салдарынан бюджет кірісі азайып бара жатыр. 2020-жылы мемлекеттік бюджеттің кірісі 34,6 млрд доллар, бұл ІЖӨ-нің 20 пайызы ғана. Соңғы 10 жылда Ішкі жалпы өнімдегі салықтың үлесі 9,9 пайыздан 7,3 пайызға төмендеп кеткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев6 Қазақстан Республикасының Президенті:
Тіпті, біздің жақын көршілеріміздің өзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Мәселен, Украинада — 31%, Ресейде — 35,4%, Қырғызстанда — 31%. Соңғы 10 жылда елдің ІЖӨ-дегі салықтың үлесі 9,9 пайыздан, 7,3 пайызға дейін төмендеп кеткен. Міне, сол себепті Ұлттық қордан бөлінетін трансфер де тым көбейіп кеткен. 2019 жылдан 2021 жылға дейін 12 трлн теңге, яғни 30 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған. Ірі компаниялардың салық төлеуі – күрделі мәселе. Қолымызда түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарып отырған алпауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мәліметтер бар. Премьер-Министрге осы мәселені түбегейлі шешуді және қазынаны тиесілі қаражатпен қамтамасыз етуді тапсырамын.
Реформалау керек тағы бір мәселе – мемлекеттік сатып алу. Нысаналы мекеме – «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры. Сатып алулар саласындағы сыбайластық, жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәселелерімен шұғыл түрде айналысу керек. Президент қор басшысына соңғы рет мүмкіндік берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір ай уақыт беремін. Соңғы рет. Егер шешімі табылмаса, өте қатаң шаралар қолданылады. Менің «Платон менің досым, бірақ, ақиқат қымбат» деген қағиданы берік ұстанатыныма көздеріңіз жеткен болар.
Президент қор жұмысын қатты сынады. Егер компания қызметін реттемесе, жабылсын деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жабықтық, «саяси маңызы бар адамдарды» тағайындау, сатып алулардың тиімсіздігі, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы және тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары – бұлардың бәрі қоғамның наразылығын тудырып отырған мәселелер. Күні бүгінге дейін мұнай химия саласын қалыптастыра алмадық. Кеңес дәуірінде салынған зауыттарды қайта жөндеумен келеміз. Қорды түбегейлі реформалау міндетін жүктеймін. Егер жүктелген міндетті атқара алмаса, қор да жұмысын тоқтатады.
Сонымен бірге жеке операторларға да тоқталды. Жеке компаниялар тиісті ақысына мемлекеттің экономикалық функциясын орындайтын. Мұның соңы жақсылыққа әкелмеді. Үкіметке заң жүзінде тыйым салуды тапсырамын деді. Демек утиль алыммен айналысқан «Оператор РОП» дегеннен басқа да операторлар жетеді деген сөз.
Ал кәсіпкерлердің шағымдарына келсек, негізінен полиция қызметкерлеріне, экономикалық тергеп-тексеру қызметіне, жемқорлыққа қарсы ұйымға шағымданады. Былтыр прокуратураға бизнес өкілдері тарапынан 2 жарым мың шағым түсіп, 1 мыңы оң шешілген. Кәсіпкерлердің ісі ілгерілеуі үшін – әкімшілік кедергілерді азайту керек. Соңғы жылдары бизнес табысына тосқауыл болған - қатаң карантиндік шектеулер де қажетсіз шара. Бұл мәселені биліктегілер қайта қарағаны жөн. Басқосуда он шақты кәсіпкер пікір білдіріп, көкейтесті мәселелерін ортаға салды. Мәселен, қаңтардағы қақтығыс салдарынан тұрмыстық техника сататын ірі компания иесінің шығыны шаш етектен.
Эдуард Ким, кәсіпкер:
Тәртіпсіздік салдарынан біздің 14 дүкенімізге зақым келді. Тоналды. Зардап шеккендердің бәріне көмек көрсетілетіні айтылды. Жергілікті билік бізге сіздер шағын және орта бизнес өкілі тізіміне кірмейсіздер деп отыр. Яғни ірі бизнес саналамыз. Бұл әділетсіз ғой. Менің компаниямда 6 жарым мың адам еңбек етеді.Біз ең көп салық төлеушілердің біріміз. Ешқандай жеңілдіктер де қарастырылмаған. Алайда осындай кезде қолдау жоқ. Сонда біздің кінәміз не? Өз мүлкімізді өзіміз қорғай алмағанымызда ма?
Үкімет басшысы шығынға батқан кәсіпкерлермен жеке келіссөз жүргізіп, көмектесуге уәде етті. Кәсіпкерлерді толғандырған тағы бір мәселе –тауар экспортына шектеу. Халықаралық тасымал және бақша өнімдерін өсірумен айналысатын компания басшысы базынасын жеткізді.
Болатбек Әлиев, кәсіпкер:
Мәселен, Өзбекстан нарығына алма апарайын десек, 20 түрлі құжат дайындау керек. Ал олар бізге фитосанитарлық сертификат пен тауар тасымалдау құжаты яғни екі ғана құжатпен кіре береді. Бізде импортерлерге жағдай жасалған. Бізге де осындай мүмкіндік берілсе дейміз. Стратегиялық тұрғыдан қарағанда егер тауар экспортына шектеу енгізе берсе, оны өндіруге ешкім бармайды. Өйткені сенім жоқ.
Бастаманың көбі - көп, бірақ бәрі маңызды. Гегельді Бабельді ажырата алмайтындары көп емес деп ойлаймыз, бизнесмендер Президенттің бастамаларын қолдайтындарын айтып жатты.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен жиі кездесуге дайын. Үкімет жанынан Отандық кәсіпкерлер кеңесі құрылмақ. Президент «Қазақстан халқына» қорын қолдап, қаржы аударған бизнес өкілдеріне алғыс айтты. Қорға қаржы аудару ерікті түрде жүргізілетінін, бюджеттің мекемелерде басталған бір күндік айлық аудару бастамасының дұрыс еместігіне тоқталды. Үлкен бизнес үлкен табысынан бөлісуі керек, болды. Жиында Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы бөлек реформа керегін айтты. Мемлекеттегі басты дерт – коррупцияның себебімен емес, салдарымен күресу қажет. Сот жүйесі де өзгеруі тиіс. Принципті кадрлар қабылдау, судьялар корпусын жаңарту міндеті тұр. Білім саласына да өзгерістер керек. «Болашақ» бағдарламасының бағыты қайта қаралады. Техникалық мамандықтарға басымдық берілмек.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Коронавирус пандемиясы көп мәселенің бетін ашты деп қайыратынбыз. Қаңтардағы қақтығыс қордаланған мәселелерді түгел ашты. Дәлірегі – жоғары атқарушы билік проблеманың барын толық мойындады. Президент шын реформалаудың басталатынын айтып отыр. «Мен үшін мемлекеттің мүддесі кез келген қарым-қатынастан жоғары. Қажет болса, өте қиын шешім қабылдауға дайынмын» дегені үміт пен күдік аралас көңілді үміт жағына тартады. Өкімет міндетін толық және адал атқаруға тиіс деген талап қойып отырмыз. Тіпті, керзі етік, күпәйке киіп кетсе де. Солармен бірге жаңа ойын ережесін жариялаған Президентке «Біз Сізді қолдаймыз» деді кәсіпкерлер. Елдегі ахуалға екі тараптың да жауапты екені ашық айтылды. Ал Мемлекет Басшысының «Кім тығылып үлгермеді, менің кінәм жоқ» дегені үлкен империя дерлік бизнесі барларға арналған деп түсіндік. Келешекте олардың өмірін қарапайым еңбек адамының тіршілігімен қатар қойып «Қайыршы мен ханшайым» деп сипаттауға болатын фильмдердің образына айналмауы тиіс деп ойлаймыз.
