Басты Жаңалықтар Ұлттық ұлан сарбаздары Атыраудағы жаппай тәртіпсіздік кезінде бастан өткерген жағдайды айтты

Ұлттық ұлан сарбаздары Атыраудағы жаппай тәртіпсіздік кезінде бастан өткерген жағдайды айтты

Бірін көпірден лақтырған. Ал, екіншісінің басын таспен ұрып, аяусыз соққыға жыққан. Бұл Ұлттық ұлан сарбазы Диас Самат пен Дәурен Ешімовтың Атыраудағы жаппай тәртіпсіздік кезінде бастан өткерген оқиғасы. Жауынгерлермен меншікті тілшіміз Жандос Темірғали сұхбаттасып келді.

18 жастағы Ұлттық ұлан сарбазы Диас Самат дәл осы облыстық әкімдік алдындағы жаппай тәртіпсіздіктік кезінде ауыр жарақат алды. Шепте тұрған жауынгердің басына белгісіз біреу тас лақтырып, есінен тандырған. Кейін бұзақылардың бірі басынан таяқпен ұрған. Сонда да қарсы тарапқа бой бермей, ерлік көрсеткен жауынгер қазір әскери бөлімшедегі емдеу орнында жатыр.
Диас Самат, ҚР Ұлттық ұланы 5546 әскери бөлімінің жауынгері: 
Каскама ауыр тас тиіп, ұшып кетті каскам. Сол кезде бетімнен таяқ тиді. Біздегі мақсат тым халық шектен шығып кетпесін, біреулерге бірдеме болып қалмасын деген ой ғой.
Ал, Түркістаннан шақыртылған қатардағы сарбаз Дәурен Ешімов террорлық шабуыл кезінде бір ажалдан қалды. Аяғының астында газ гранатасы жарылып, есінен айырылған. Осы сәтте бұзақылар оны аяусыз соққыға жығып, сүйрей жөнелген. Кейін, орталық көпірден лақтырып жіберген.
Дәурен Ешімов, ҚР Ұлттық ұланы 5546 әскери бөлімінің жауынгері: 
 Қасыма бомба жарылды газ. Қайтып есімнен танып қалдым. Бір қарасам көпір жақта сүйреп бара жатыр. Сол жерде ұрды. Бір уақытта лақтырып жіберді көпірден. Жедел жәрдемдегілер  бөлімшеге әкеліп тастады.
Осы күндері 49 полицей мен Ұлттық ұланның 27 сарбазы жарақат алды. Екі құқық қорғау қызметкері мен екі тұрғын ауруханаға түсті. 33 жастағы жігіт көз жұмды. Дүрбелеңде бейбіт елге қызмет еткендердің қатарында 109 бірыңғай орталығы да бар. Жедел желіге айналасы екі аптада 500 мыңдай қоңырау түскен.
Гүлдәурен Тілегенова, 109 бірыңғай орталығының баспасөз хатшысы: 
109 колл орталығы қазіргі уақытта күніне 60-мыңға жуық қоңырау қабылдап отыр. Қоңыраулардың дені төтенше жағдай кезінде, онң ішінде коменданттық уақыт кезіндегі талаптар, шектеулер, ережелер, блокпосттарды кесіп өту шарттары туралы болды.
Жаппай тәртіпсіздік салдарынан 9 млн теңге шамасында шығын келді. Қазір дүрмекке еріп, бұзақылық жасады деген күдікпен 500-ге жуық адам ұсталды.

Жандос Темірғали
Бөлісу