Жастарды жұмыспен қамту жобаларын қаржыландыру ұлғаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастарды жұмыспен қамту жобаларын қаржыландыру ұлғаяды

17.01.2022

Жастарды жұмыспен қамту үшін елімізде бірнеше жоба іске асуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл барлық бағдарламалар бойынша мүмкіндік арта түспек. Бюджеттен қаржыландыру да ұлғаймақ. Мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп үлгерген ақмолалық жастармен тілшіміз Ермек Елбергне тілдесті.

19 жасар Камила Мырзабек өткен жылы колледжді бітіріп, дизайн маманы атанды. Еңбек өтілі болмаған соң бірден «алғашқы жұмыс орны»  жобасына қатысуды жөн көрді. Қазір Көкшетаудағы сән үйінің бірінде мамандығы бойынша жұмыс істеуде. Жалақысын мемлекет төлейді. Енді Президенттің тапсырмасымен еңбекақы ұлғаймақ.

Камила Мырзабек, дизайнер:
Коллежд бітіргеннен кейінгі студенттерге, жастарға жұмысқа тұру қазіргі кезде қиын. Себебі еңбек өтілін сұрайды. Еңбек өтілі жоқ адамдарға жұмысқа орналасуға көмек көрсетеді осы бірінші жұмыс орны жобасы. Және де стаж жинауға өте үлкен зор көмек.

«Жастар тәжірибесі» жобасының игілігін көрген жастың бірі- Димаш Қоқышев. Оқу бітірген соң осы бағдарлама арқылы мемлекеттік мекемеде жұмыс істеді. Биыл бұл жобаға қатысушылардың да жалақысы өспек, «тәжірибе» өту уақыты да ұлғаяды.

Димаш Қоқышев, Көкшетау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының маманы:
«Жастар тәжірибесі» жобасының мерзімі аяқталғаннан кейін осы мемлекеттік кірістер басқармасына жұмысқа қабылдандым. Бұл - мемлекеттік қызмет. Өзіме ұнайды. «Жастар тәжірибесі»  бойынша айлық көбейсе, оған қатысушылар қатары да артады деп ойлаймын.

Кәсіпкерлікпен айналысу үшін берілетін қайтарымсыз грант сомасы екі есе ұлғайып, бір миллион 200 мың теңге болады. 500 мың теңге грант алып, сән орталығын ашқан Сәуле Омарова қаржының еселенуі үлкен қолдау дейді. Мейлінше осы мүмкіндікті пайдалануға шақырады. Ақмола облысында биыл 800 грант бөлу жоспарланған, оның 260-сы – жастарға арналмақ.

Сәуле Омарова,  кәсіпкер:
Алға қойған жоспардың іске асыруына мемлекеттік қолдаудан, қолдау тарапынан көмек алып, осы іске асырудан қорықпау керек. Себебі қазіргі таңда жас кәсіпкерлерге немесе жаңа кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Бұл сомманың ұлғаюының өзі әрине үлкен жетістік.

Өткен жылы «Жастар тәжірибесі» бойынша 472, «алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 46 адам жұмыспен қамтылған. Биыл да осындай жоспарды іске асыру көзделген. Бүгінде облыста жастар арасында жұмыссыздық деңгейі - 2,9 пайыз.Бұл дегеніміз- 4 мыңнан астам адам.


Хабарламаларға жазылу