Үрей құшағында жүрген тұрғындар: Алматылықтар ахуалы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үрей құшағында жүрген тұрғындар: Алматылықтар ахуалы

17.01.2022

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде терезелерінен оқ атылып, өміріне қауіп төнген тұрғындар әлі де үрей құшағында жүр. Кейбіреулері, тіпті, үйден аттап басуға қорқып қалған. «Себебі, таныстарымыз бен жақындарымыз лаңкестерге тап болып, ажал құшты» деп қорқынышпен еске алады. Мүлкіне зиян келген тұрғындар қайда хабарласуы керек? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектесов анықтады.

Нұрсұлтан Тілектесов, тілші: 
Алматыда мүліктің барлық түрлері бойынша келген шығын көлемі 112 млрд теңгені құрады. Оның ішінде қираған бизнес субьектілері, әлеуметтік нысандар және тұрғын үйлер бар. Ресми мәліметтерге сүйенсек бүгінгі таңда шаһарда залал келген 37 пәтер анықталыпты.

Тәртіпсіздіктерден зардап шеккендердің бірі - Республика алаңына жақын маңда тұратын Татьяна Бегильдинова. Зейнеткердің айтуынша, кешке таман оның терезесіне біреулер оқ атқан. Сол күні шошынғаны соншалықты, таңға дейін көз ілмеген.

Татьяна Бегильдинова, қала тұрғыны: 
Оқ атылғанын естідім. Жүгіріп балконға шықсам, терезем шағылғанын көріп, шошып кеттім. Қызым және немерем үшеуіміз тұрамыз. Зәре-құтымыз қалмады. Әйтеуір, өзіміз аманбыз, соған да шүкір. 

Орталық алаңға жақын орналасқан үйлерге қарасаң барлығының не терезесі шағылған не қасбетіне залал келгенін байқайсың. Көшеде кетіп бара жатып, кездейсоқ лаңестерге тап болған талай жанның тағдырын қазір тұрғындардың өздері баяндап жатыр.

Тәртіпсіздіктер кезінде қираған нысандар, залал келген мүлік пен өртенген және ұрланған көліктердің есесі өтеледі. Бұл туралы арнамызға берген сұхбатында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев айтқан.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі: 
Көп адамның машиналары жанып кетті. Орталық алаңға жақын тұратын азаматтардың терезелері, балкондарына оқ тиген. Олардың шығындарын қайтару керекпіз. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді.

Мүліктеріне залал келген азаматтар аудандық әкімдіктерге немесе 1308 call-орталығына жүгіне алады. Қала әкімі тұрғындардың шығынын нақты әрі тез арада есептеп, өтемақыны уақытылы төлеуді тапсырды.

Нұрсұлтан Тілектесов

Хабарламаларға жазылу