Ал Президенттің Қытаймен шекарадағы кеден туралы айтқаны баяғы Қорғас ісін еске түсірді. 2014 жылы 45 адам сотталғанда «майшелпек жер» бір қолдан екінші қолға өткен ғой.
«Онда болып жатқан нағыз былықтар бәріне мәлім. Машиналар тексерілмейді, салықтар мен баждар төленбейді. Қы¬тайдың кеден органдарымен салыстыр¬малы статистикадағы сәйкессіздік мил¬лиардтаған долларға жетеді. Қол сұғыл¬майтын мәртебесі бар «уәкілетті операторлар» бар. Еліміз салық түрінде ондаған миллиард теңге жоғалтып отыр». Данияр Қайыртайдың материалы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елде өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды.
Данияр Қайыртай, тілші:
Мемлекет басшысы Мәжілістегі сөзінде артында нақты «фамилиялар» тұрған бірқатар бизнес құрылымын түйреп өтті. Кейбірі ендігі күйрей бастады. Ал «фамилиялар» аталар ма екен? Мысалы, «Қорғас» кеден бекетіндегі, Президент айтқан, «қол сұғылмайтын мәртебесі бар «уәкілетті оператордың» қожайыны кім?
Қайырбек Арыстанбеков, экономист, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
Қорғаста, оңтүстік жақта бізде байлар басқарып отырды, компаниялары болды. Сырттан біреу тасымалдауға кірем десе, оларды жолатпайды. Яғни өздері бәрін бөліп отырды. Мемлекеттік мүдде емес, жеке топтың мүддесіне жұмыс істегендіктен қытай тарапы да осы Қорғас арқылы экспорттық-импорттық операцияларды шектей бастады. Былайша айтқанда, біздің экономикалық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіре бастады.
Халықаралық сауда орталығының статистикасы бойынша, 2018-2020 жылдар аралығында Қазақстан Қытайдан 18 млрд доллардың тауарын сатып алған, ал Қытай тарапының есебі бұдан екі есе артық. 36 млрд доллар көлемінде экспорт жасадық, дейді. Сонда екі жылда 18 млрд доллардың тауары рәсімнен өтпеген. Баж салығы алынбастан бәзбіреулердің базарына жөнелтілген шығар.
Қайырбек Арыстанбеков, экономист, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
Демек осыншама қаражат арқылы бюджетке кіріс түспеген деген сөз. Бұл контрабанда деген сөз. Бұл жерде бір ерекшелік бар. Қытай тарапының есептеу әдісі басқаша екен де, біздікі басқаша. Мысалы, қазақстандық кеденшілер ұсақ тауарларды есептемейді. Сөмкемен таситын, тағы басқаларды. Ал Қытай жағы бүкіл тауарды есептейді. Енді бұл айырмашылық млрд болмайды әрине, бір 500 млн доллар болуы мүмкін.
Данияр Қайыртай, тілші:
Президент білетін, бірақ ашық айтпаған тағы бір «фамилия» иелері Қазақстан даму банкі арқылы бизнестерін дөңгелетіп отырған көрінеді. Сондықтан осы банктің қаржы беру тетіктерін өзгерту тапсырылды.
Қайырбек Арыстанбеков, экономист, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
Бізде байлар, алпауыт қаржылық өнеркәсіп топтар бар. Негізінен солар бенефициар болып келді. Солар Даму банкінен тиісті қаражатты ұзақ мерзімге төмен пайызбен алып отырды. Осыны тоқтату керек. Мүмкін осы банктің жарғылық реттеу функцияларын қайта қарау керек шығар. Стратегиясында нақты айту керек, өңдеу өнеркәсібін қаржыландыру, экспорт секторын, ШОБ және т.б. қамтыған дұрыс шығар. Біз диверсификация дегенде, сол шикізаттан құтылу ғой мақсат. Сондықтан мұнай-газ саласындағы жобалар осы банк арқылы болмауы керек.
Президент елдің стратегиялық активтерін басқарып отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын реформалауды тапсырды. Ал «реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн», деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды. Осы тұста, қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?
Талант Қалиева, Квазимемлекеттік секторды зерттеуші:
Шетелдік консультанттарды шақыру жағынан сұрақтар туып жүрді. Мұнай өңдеу зауыттары бар емес пе, соның Атыраудағысы мен Павлодардағыға күрделі жөндеулер жүргізілген. Модернизация деген аяда көп қаржы жұмсалды. Сол не берді? Шынымен модернизация болды ма? Мен сол мәселені түбегейлі қараңқырағам, сонда Павлодар зауыты бойынша мәселелер туды. Модернизацияны жасайтын бізде ондай қызмет берушілер нарықта жоқ. Соны шетелден сатып алған кезде, бірінші келген қызмет беруші аяғына дейін жасамаған, ол техникалық схемамен байланысты болғаннан кейін, келесі қызмет беруші қайта қараған.
Қайырбек Арыстанбеков, экономист, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
Самұрық-Қазына соңғы 7 жылда жаппай мемлекеттендіру процесімен айналысып кетті. Керек болса компанияларды алады, кіреді. Ал жекешелендірумен Үкімет айналысып кетті. Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, мемлекеттендіру де, жекешелендіру үдерісі де бір ғана актімен реттелуі керек екен. Үкімет қаулысы. Өкінішке орай бізде мемлекеттендіру СҚ шешімімен жүзеге асып жатыр. Осыны тоқтату керек.
Данияр Қайыртай, тілші:
Қайырбек Арыстанбеков бұл қор 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысына тойтарыс беру үшін «Самұрық» және «Қазына» дейтін екі ұйымның бірігуінен құрылғанын еске салды. Президенттің «реформаланбайтын құрылымның экономикамызда болмағаны жөн» дегеніне қарағанда, қайта таратып жіберуі мүмкін бе?
Қайырбек Арыстанбеков, экономист, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
«СҚ» ішінде әр саладағы ірі ұлттық компаниялардың бірігуінен қалыптасқан. Мысалы, «Қазақтелеком», «Қазақстан темір жолы», сол іспеттес ірі компаниялар. Меніңше, осы компанияларды СҚ емес, әр министрлікке бөліп беру керек. Бұрын солай болған. Сол кезде бізде коррупция аз болды, сол кезде ақшаны пайдалану тиімділігі жоғары болды.
Мәжілісте аймақтардың дамуындағы диспропорция туралы да айтылды. Бұған қаражат тұрғындардың қажеттілігіне қарай емес, облыс әкімінің беделіне қарай бөлінетіні себеп.
Құрманғали Дәркенов аймақтарды біркелкі дамыту үшін әрқайсының климаты мен жер құрылысын зерттеп, өнім өндіру мүмкіндігін анықтау қажет, дейді.
Құрманғали Дәркенов, аймақтанушы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:
Ғылымда таксондау деген әдіс бар. Әрбір аймақтың, ауданның немесе облыстың қандай мүмкіндігі бар және оны қалай пайдалануға болады деген сұрақ. Әр аймақта сол аймақтың өз ерекшеліктеріне сәйкес өндіріс орындары ашылғанда немесе әр түрлі шаруашылық түрлері іске қосылғанда аймақтардың дисбалансы жойылады.
Жылдар бойы айтылып, орындалмай-ақ қойған экономиканы әртараптандыру міндеті де осыны көздейді. Мемлекет басшысы тағы да осы терминді айтты.
Құрманғали Дәркенов, аймақтанушы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:
Сырттан келетін көптеген тауарды Қазақстан өзі шығаруға мүмкіндігі бар. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытуға, өндірісті дамытуға мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, оны қатаң бақылау жасалса, бізде жаңадан жұмыс орындары ашылады, импортты алмастырамыз, біздің қаржы сыртқа кетпейді, өз еліміздің экономикасын дамытуға жұмсалады, ал көптеген жұмыс орындарының ашылуы халықтың тұрмыс жағдайын көтереді. Өйткені халық жақсы жалақы алады. Елде тұрақтылық орнайды.
Тұрақтылық үшін әлеуметтік әділеттілік те керек. Яғни тең мүмкіндіктер, әл-ауқаттың теңдей бөлінуі секілді мәселелер. Президент аса ауқатты адамдар байлығын Қазақстан халқына бөліп беруі керек деді. Осы аттас қор арқылы. Байлықты халық игілігіне жаратудың мынадай жолдары да бар:
Құрманғали Дәркенов, аймақтанушы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:
Бізде ауқатты адамдардың байлығы оффшорда. Оны теріске шығаруға болмайды. Олар өзінің қаржысын өз елінің экономикасын дамытуға, ішкі жағдайды тұрақтандыруға, жаңадан жұмыс орындарын ашуға, өндіріс пен ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға, халықтың тұрмысын көтеруге жұмсауы керек.
Әйтпесе олардың дүкендерді тонаушылардан айырмасы болмайды. Арнайы сөмке апарып тұрып тамақ ұрлап жүрген апа әшейінде немерелеріне батасын беріп отырған мейірімді әже шығар. Әшейінде кемел адамның бейнесіндегі үлкен бизнестегілер бизнес жасап отырған елінің өркендеуіне үлес қоспаса, олардың да жылтыраған беті. Бірақ кабинеті түтінге әп-сәтте толып кетуі мүмкін екенін енді біз де білеміз. Сана деген ол білімге де байланысты емес, расында...
Данияр Қайыртай