Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскері елімізден шығарыла бастады. Бүгін бітімгерлік миссияның алғашқы легі отандарына қайтты. Олар ұйым ережесіне сәйкес бір апта бұрын Қазақстандағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектесуге келген. Енді жағдай қалыпқа келді. Ұйым штабының мәліметіне сәйкес ұжымның бітімгерлері он тоғызыншы қаңтарға дейін кезек-кезекпен толықтай елден шығады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бітімгерлердің миссиясы аяқталды. Елде тыныштық орнап, терроршылардың беті қайтарылды. Енді міне бір апта бұрын келген ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерилері үйлеріне қайта бастады. Бүгін әуелі Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери оқу орнында “Бейбіт өмір үшін” арнайы оперциясының аяқталуына орай шара өтті. 5 мемлекеттен келген бітімгерлер мен қазақ сарбаздары сап түзеп, офицерлер жұмысты қорытындылады. Ұжымдық күштер стратегиялық нысандардағы күзетті қазақ қарулы күштеріне тапсырды. Сонымен қатар қызмет барысында көзге түскендер марапатқа да ие болды. Шараға Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы Станислав Зась қатысты.
Станислав Зась, ҰҚШҰ Бас хатшысы:
Әскерилер өз міндетін абыроймен атқарып шықты. Қазақстан үшін қиын сәтте қолдау жасай білді. Бәріміз үшін де бұл оқиғалар үлкен сабақ. Ұйымның қазіргі жүйесі іс жүзінде жұмыс істейтінін дәлелдеді деп ойлаймын. Қазір Алматыдағы жағдай толықтай биліктің бақылауында. Сондықтан бітімгерлердің жұмысы толық аяқталды.
Осыдан кейін алғашқы лекпен отандарына қайтатын сарбаздар әуежайға келді. Бүгін ресейлік әскерилердің бір бөлігі елдеріне қайтты. Ол Кастрома қаласындағы 331-парашутты-десантты полк. Құрамында десанттың әскери ұрыс көлігі, камаз машинасы және осы техникаларды тізгіндейтін 80-ге жуық әскери бар. Алматы әуежайынан 4 әскери ұшақ ұшты. Ал, ертең қырғыздың қарулы күштері отандарына оралады. Жалпы ұшақтармен 100-ге жуық рейс жасалмақ. Еске сала кетсем Қазақстанға 5 елден 2 мыңнан аса әскери мен, 250-ден аса техника келген болатын. Жалпы бұл Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы бітімгерлік күштерінің іс жүзіндегі алғашқы миссиясы. Олар Қазақстанда ұрыстарға қатысқан жоқ. Тек стратегиялық нысандарды күзету жұмыстарымен айналысты.