Елімізде аграрлы саланы субсидиялауда түйткіл көп. Көбіне мемлекет көмегінің бұл түрі шаруаларға уақытында берілмей жатады. Мысалы былтыр Қостанай облысында жыл соңына дейін 1 жарым млдр теңгеге жуық субсидия қаржысы төленбепті. Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында осы жүйені жөнге келтіруді тапсырды.
Эдуард Двуреченский егін шаруашылығымен айналысады. Жерінің көлемі 12 мың гектар. Маусымдық науқандарды қоса алғанда жүзге тарта адамды жұмыспен қамтып отыр. Былтыр құрғақшылыққа қарамастан топырақты күтіп-баптаудың арқасында гектарына 13-17 центнерден өнім жинады. Алайда сол жерді өңдеуге берілетін субсидияны әлі толық алмаған. Техниканы жаңалауға қарастырылған субсидияның да түйткілі көп.
Эдуард Двуреченский, шаруа:Бізді шетелдік өнімділігі жоғары техникаға берілетін субсидияны азайту туралы әңгіме алаңдатады. Себебі елімізде жасалатын техниканың қуаты оларға теңесе алмайды. Ал ауылдарда жұмыс күші жетіспейтіндігін ескерсек, жоғары өнімді агрегатсыз аграрлық саланы ілгерілету мүмкін емес.
Қостанай облысында 7 мыңнан аса ауылшаруашылығы құрылымы бар. Биыл оларды қолдауға 11 бағыт бойынша 43 млдр теңгеден астам субсидия және бюджеттік несие бөлінген. Алайда соның 1 жарым млдр теңгеге жуығы әлі төленбепті. Бұған бірінші себеп қаржы тапшылығы.
Айдарбек Ходжаназаров, агрохолдинг басшысы:Субсидия бөлінді. Бір сағатта жоқ болды. Жартысы субсидияға қолы жетпей қалды. Бұл субсидия беру ережесінің кемшілігі емес, бұл субсидияның жеткіліксіздігін көрсетіп жатыр.
Тағы бір мәселе, субсидия алуға берілген өтінімдердің заңға сәйкестігін тексеру ұзаққа созылады. Регламент бойынша екі күннің ішінде електен өтіп қабылдануы тиіс құжаттар мамандар тапшылығынан кейде екі айға дейін жатады.
Нұрсұлтан Қабделов, Қостанай облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:Министрлікте оны шешу мақсатында жұмыс тобы құрылған. Оған өзіміздің көзқарасымыз бойынша ұсыныстар бердік. Сол ұсыныс бойынша біз аудандық ауылшаруашылығы бөлімдері арқылы субсидиялауды ұсынғанбыз.
Яғни, өтінім жергілікті жерде тексерілсе оның қателігін түзеп қабылдау да жылдамдайды. Ең бастысы мемлекет басшысы тарапынан тиісті міндеттер қойылды. Сондықтан Қостанайдың шаруалары бұл саладағы түйткілдер шешіліп, субсидиялау тетіктері оңтайландырылады деп үміттенеді.
Дәуренбек Әбдібек