Утилизациялық алым мемлекеттің қарамағына өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Утилизациялық алым мемлекеттің қарамағына өтеді

12.01.2022

Утилизациялық алым мәселесі қайта қаралады. Мемлекет басшысы кеше «ӨКМ операторы» компаниясының қызметін тоқтату керектігін мәлімдеді. Бірақ бұл утилизациялық алым енді мүлдем алынбайды деген сөз емес. Алдағы уақытта осыны тікелей бақылауына алатын мемлекеттік оператор құрылады.

Қазақстандағы ескі көліктердің саны жалпы көлік санының 70 процентінен асады. Ал утилизациялық алымның жекенің жетегінен, мемлекет меншігіне өтіп, мөлшерін қайта қарау барысында аса сақ болу керек дейді сарапшылар.

Олжас Оқас, сарапшы:

Бірақ болашақта утилизациялық алым сомасын қайта реттеу кезінде өте абай, мұқият болу керек. Оны тым төмендетіп жіберсең, бүкіл ақша Армения, Грузия, Ресей сияқты мемлекетке кетеді. Тым қымбаттатып жіберсең, тағы да шу болады. Сондықтан ортасын табу керек деп есептеймін. Ал өз ұсынысым - болашақта утилизациялық алым ұсынысын, көліктің қозғалтқыш көлеміне және айлық есептік көрсеткішке байламау керек.

Нұраддин Садық, сарапшы:

Бірақ біздің ұсынысымыз бұл форма РОП формасында емес, мемлекеттік РГП формасында болу керек. Және бұл РГП тек қана қаржы жинаумен ғана және оны жүзеге асырумен айналыспау керек. Бұл қаржы жинайтын агрегатор, бақылаушы орган ретінде, ал әрі қарай оны жүзега асырып, релизовать ететін өзге де РОП-тарға мүмкіндік беру керек. Себебі бізбір жеке монополистен құтылып, мемлекет формасындағы екінші монопалисті қолдан жасамуымыз керек.

2016 жылдан бері утилизациядан «РОП» операторы 691 млрд теңге тапқан. Қазір екінші денгейдегі банктердегі шоттардағы ақшаның қалдығы 220 млрд теңгеден асады.

Серікқали Бірекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

Алынған қаражат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмсалды. Атап айтқанда, отандық автокөлік өндірушілерге 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түрінде бұрын төлеген қаражаттары қайтарылды. Экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салықтарға 49,1 млрд теңге жұмсалды.

Берік Бекжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Негізгі мәселе - осы алымның дәрежесін қайта қарау мәселесі. Яғни ол да әділдікке, шындыққа сәйкес болуы тиіс. Мәселе көлікке қатысты болса, оның жалпы жұмыс істеу жылы, оның амортизациясы қалай болу керек, жалпы оның экологияға әсері, осы мәселенің бәрі алым-салымның кезінде есептелуі тиіс. Міне, сондықтан да алымның көлемі төмендеуі тиіс.

Қазақстанда утилизациялық алым базалық ставкамен есептеледі де, көлік түріне қарай көбейтіледі. Ресейде де біздікіне ұқсас. АҚШ-та шағын көліктердің утилизациялық алымы – 100-200 доллардың, толық көлемді көліктердікі – 150-300 доллардан аспайды. Ал Еуропа елдерінде мұндай алымдар бәріне бірдей ортақ. Жобамен, жаңа көлікті тіркеу үшін қалтаңыздан 100 еуро шығаруыңыз керек. Нидерландыда тіпті 45 еуро ғана.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы:

Еуропа елінде бұл мәселе жолға қойылған. Ол жерде әрбір азамат сатып алған заттың ертең мұның экологияға қандай зияны барын есептейді. Өздері қаражатты апарып береді. Халықтың экологиялық сауатты өскен.

Дегенмен де сарапшылар елімізде утилизациялық алымның төмендеуімен, көлік бағасы әзір арзандамайды дейді. Қалалық автоцондар да қазір баяғы тәртіп бойынша құжаттарды қабылдап жатыр.


Хабарламаларға жазылу