Жедел іздестіру кезінде граната, қару мен пышақ табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жедел іздестіру кезінде граната, қару мен пышақ табылды

11.01.2022

Төтенше жағдай болған өңірлерде тәртіпсіздік жасаған азаматтарды анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүруде. Сондай-ақ блокбекеттен қару алып өтпек болғандарды дер кезінде құрықтап жатыр. Ішкі істер құрылымындағы жедел штабының мәліметінше. өңірлерде коменданттық сағатты бұзушылар көп.

Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Өскемен қаласының Чехов-Победа көшелерінің қиылысында 34 жастағы қала тұрғынын ұстады. Тінту кезінде күрте қалтасынан «ОСА» (Стражник), калибрі 18х45 тапаншасы, сонымен қатар, (РГД-5) гранатаға ұқсас зат және жиналмалы пышақ тәркіленді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі - атыс қаруын заңсыз алу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бір күнде коменданттық сағатты бұзған 115 адам ұсталды

Ал Ақтөбеде ,коменданттық сағатты бұзғаны үшін полиция бөлімдеріне 115 азамат жеткізілді, оның ішінде 83 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Сонымен қатар, қазіргі уақытта үш адам қамауға алынды, төрт адамға қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылып, сотқа дейін тергеу жалғасуда. Кеше 10 қаңтар күні блокбекеттердің бірінде 40 жастағы жүргізушінің басқаруындағы «ВАЗ-2140» автокөлігі тоқтатылды. Автокөліктегі жүргізушінің танысында 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтықтың 2 бірлігі болған. Аталған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Хабарламаларға жазылу