Талдықорғанда десантшылар қарулы террорға қарсы табанды қорғана білді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда десантшылар қарулы террорға қарсы табанды қорғана білді

11.01.2022

Лаңкестер алғашқы күндері Алматы облысындағы бірқатар әскери бөлімдерге шабуылдамақ болған. Мұндағы мақсаттары ондағы қару мен оқ-дәрі және әскери техниканы иемдену еді. Алайда айбынды әскерилер олардың бұл әрекетіне жол бермеген.

Бұл Қапшағай қаласындағы 32/363 әскери бөлімінің қалашығы. Десантшылардың отбасы тұратын елді-мекенді қазір бітімгершілер әскерінің бір тобы 24 сағат күзетіп тұр. Ал десантшылардың өздері Алматы қаласында тәртіп орнатуға жұмылдырылған.

Самал Шоқақова, Қапшағай қаласының тұрғыны:

Елімізде болып жатқан жағдайға байланысты жолдастарымызды Алматы қаласын қорғауға, лаңкестермен күресуге алып кетті. Біз үйде уайымдап, дұға жасап, амандығын тілеп отырмыз. Аман-есен келсе екен дейміз.

Талдықорғандағы десантшылардың әр күні қауіп-қатерге толы. Қазір олар тек қала кіреберістеріне ғана емес, шаһар ішіндегі блокбекеттерде де тұр. Сондай-ақ, маңызды нысандарды да күзетеді.

Жанат Сембеков, Талдықорған әскери гарнизонының ресми өкілі:

Төтенше жағдай орын алған кезде лаңкестер әскери бөлімдерге кіруге ұмтылды. Әрине олардың шабуылына біздің әскер тойтарыс беріп, олардың бетін қайтарып үлгерді.

Талдықорғанда жағдай тұрақталып келеді. Десе де қауіптің бұлты сейілген жоқ. Шаһарда комменданттық режим кешкі сегізден басталады.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу