Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің әскері Қазақстанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қалаған мерзімге дейін ғана болады. Ресей Президенті Владимир Путин Ұжымдық қауіпсіздік кеңес отырысында осылай деді. Бүгін кеңестің кезектен тыс сессиясы өтті. Онда ұйымға мүше елдер басшылары Қазақстандағы ахуалға қатысты кеңесті.
Кезектен тыс сессия Қазақстан тарапының бастамасымен шақырылды. Тақырып біреу – Қазақстандағы қазіргі ахуал. Бейнебайланыс бір минут үнсіздікпен басталды.
Президент бұл дүрбелеңді ел тарихындағы ең үлкен дағдарысқа теңеді. Лаңкестік лаңы тұтас елдің тыныштығын бұзды. Мемлекет басшысы Қазақстанға қарсы бұл құйтырқылыққа шетелдік күштердің де қатысқанын атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елде бейбіт басталған митинг бүлікке ұласты. Арандатушылар тыңғылықты дайындалғаны белгілі болды. Ұйымдастырушылар ұзақ уақыт дайындалған, бұл тергеу барысында анықталады. Елде жаппай тәртіпсіздік толқыны болды. Қазір Үкімет таратылды. Елде саяси реформа қабылданады. Шеруге шыққандардың талаптары тыңдалды, арнайы іс-шара қабылданды.
Жаппай құқық бұзушылық елдің 11 қаласында болды. Ең көп зардап шеккен – Алматы. Осы оқиғалардың бәрі бір орталықтан басқарылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Негізгі соққы Алматыға бағытталды. Бұл біздің ірі қалаларымыздың бірі, қаржы орталығы екенін білесіздер. Маңызды көлік және коммуникация желілері осында. Бұл шаһардың құлауы халық тығыз орналасқан бүкіл оңтүстікті, кейін тұтас елді басып алуға жол ашар еді.
Президент мұны мемлекетке қарсы террористік соғыс деп атады. Лаңкестер Ақорданы да басып алмақ болған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Президент резиденциясына да қауіп төнді. Алайда ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының үш әскери-көлік ұшағының келгенін біліп, кейінге шегінді. Нәтижесінде еліміз қосымша күшті Алматыға жіберіп, оларға тойтарыс бердік. Бірлестіктің 2030 әскері мен 250 техникасы қолғабыс көрсетті. Ұйым әскери-саяси орган ретінде өз тиімділігін дәлелдеді.
Террористер ізін жасыру үшін сақалын қырып, киімін ауыстырып, түрлі қитұрқылық әрекеттерге барған. Олардың дайындығы тыңғылықты болғаны соншалық, мәйітханаға дейін басып кіріп, қылмыстарының ізін жасыру мақсатында өз жақтастарының денесін алып кетпек болған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Террористердің қатысы барын сеніммен айта аламын. Оның ішінде Қазақстанға қарсы шетел содырлары бар. Бүлікшілердің түнде мәйітханаға шабуыл жасап, қаза болған жақтастарының мәйітін алып кеткені жай емес. Содырлар да соғыс алаңынан жақтастары мәйітін алып кетеді. Бұл әлемдік белгілі террористік топтардың қолданысындағы тәжірибе. Дәл осылай олар ізін жасырады. Біздің шекара аумағында бүлік жасап, билікті басып алу ойы болғаны айқын көрініп тұр
Озбырлардың аяусыз әрекеттерінен қарулы күштердің 16 қызметкері қаза тапты. Жаппай тәртіпсіздіктен көз жұмған бейбіт тұрғындардың саны нақтыланып жатыр. Бұл оқиға «Алматы трагедиясы» ретінде тарихта қалатынын айтты Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кейбір дереккөздер Қазақстандағы билік бейбіт шерушілерге қарсы күрес жүргізіп жатқанын мәлімдеп отыр. Бұл - жалған ақпарат. Біз ешқашан бейбіт шерушілерге қарсы қарулы күштерді қолданған емеспіз, қолданбаймыз да.
Ал Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің әскері Қазақстанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қалаған мерзімге дейін ғана болады. Ресей Президенті Владимир Путин осылай деді. Әскери міндеттері аяқталған соң өз елдеріне қайтады.
Владимир Путин, Ресей Президенті:
Бауырлас Қазақстан халқына көмек көрсету бойынша бірлескен қадамдар барынша жедел келісілді. Осы орайда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының тетігі нақты іске қосылды. Қазақстанға Ұжымдық бітімгер күштерінің контингенті жіберілді. Олар мерзімі бойынша шектелген уақытқа жіберілді. Яғни қажетті уақытты Қазақстан Президенті айқындайды.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдер Қазақстан ұстанымын қолдайтындарын жеткізді. Әрі тиісті көмек алдағы уақытта да жалғаса береді.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан президенті:
Террористерде ұлт жоқ.
Ұйым бұл оқиғадан тәжірибе алуы тиіс. Осал тұстар талданады, тиісті шешім шығарылады. Реттеуші құжатқа түзетулер енгізіледі. Ал жалпы әскери-саяси ұйым ретінде өзінің қажет екенін дәлелдеді, деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің бірінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін Ұйымның бітімгерлік күштерінің ауқымды түрде жұмылдырылуы бірінші рет болып отыр. Біз үшін ұйым бойынша әріптестеріміздің әскери ғана емес, моральдық қолдау көрсетуі де аса маңызды. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі біртұтас майдан болып, Қазақстанның үндеуін бірауыздан қолдады.
Алдағы күндері Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Бас хатшысы Станислав Зась келеді. Мемлекеттер басшылары Ұжымдық бітімгерлік күштерінің Қазақстандағы миссиясы аяқталғанша тұрақты байланыста болуға уағдаласты.