Аза тұту күндерінің хронологиясы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аза тұту күндерінің хронологиясы

10.01.2022

Бүгін - Жалпыұлттық аза тұту күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы жасаған үндеуінде осы күнді белгіледі. Жалпы елімізде тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері аза тұту күні 11-ші рет жарияланып отыр. Соның хронологиясына зер салайық.

2006 жыл 20 қыркүйек. Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада апат болды. Бұрғылау жұмыстары кезінде газ бен көмір қосындысы атылды. Оқыс оқиға болған кезде жер астында 3-ші ауысымның 137 қызметкері болған. Жарылыс салдарынан 41 кенші қайтыс болды, жеті жұмысшы жараланды.

2008 жыл 14 қаңтар. «Абай» шахтасында қайғылы оқиға орын алды. 400 метр тереңдікте метан жарылды. Ресми органдар осы уақытта шахтада 191 адам болғанын жария етті. Жарылыс салдарынан 30 адам қаза тапты.

2010 жыл 16 наурыз. Қызылағаштағы табиғи техногендік пат. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жойқын су тасқындарының бірі. Алматы облысының Қызылағаш ауылында наурыздың 11-нен 12-не қараған түні орын алды. Қайғылы жағдайдан 43 адам көз жұмды, олардың арасында сегіз бала болған.

2012 жыл 5 маусым. Арқанкергендегі қанды оқиға. 28 мамырда «Арқанкерген» шекара қызметінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. Қылмыстың жасалуына тірі қалған сарбаз - Владислав Челах кінәлі деп танылды. Ол қазіргі уақытта темір торда жазасын өтеп жатыр. Аза тұту күні 5 маусымға белгіленді.

2012 жыл 27 желтоқсан. Шымкентте ұшақ құлады. 25 желтоқсанда қала маңында Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Әуе көлігінің бортындағы 27 адамның барлығы қаза тапты.

2013 жыл 31 қаңтар. SCAT авиакомпаниясының лайнері Көкшетау - Алматы бағытында ішкі рейсті орындау кезінде оңтүстік астананың әуежайы маңында құлады. Әуе апаты салдарынан борттағы 21 адам қаза тапты. Олардың қатарында 16 жолаушы және экипаждың 5 мүшесі болды.

2016 жыл 9 маусым. Ақтөбедегі лаңкестік. Террорлық акт салдарынан 8 адам қаза тапты. Антитеррорлық операция кезінде 18 қылмыскердің көзі жойылды.

2019 жыл 28 желтоқсан. BekAir компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Ол Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған еді. Ресми деректер бойынша 13 адам қайтыс болды.

2020 жыл 13 шілде. Бұл коронавирус салдарынан қайтыс болғандарды еске алу күні. Жалпы ұлттық аза тұту күні.

2021 жыл 29 тамыз. 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. 13 адам қаза тауып, 98 азамат жарақат алды.

2022 жыл 10 қаңтар. Лаңкестердің қолынан қарапайым қазақстандықтар да, құқық қорғау қызметкерлері де қаза тапты. Олардың нақты саны әлі белгісіз. Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Қазақстанда аза тұту күні осымен 11-ші рет жарияланып отыр. Ал бұл қазақстандықтар үшін соңғы екі жылдағы төртінші қаралы күн.

Жұрағат Баман


Хабарламаларға жазылу