Талдықорғанда орталық Иман мешітінің ұйымдастыруымен мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері таратылды. Сын сағатта бір-біріне көмек көрсетіп, ауызбіршілік танытқан Жетісу жұртының қайырымды ісіне тілшіміз Қуаныш Қанатұлы куә болды.
Талдықорғанда жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Дегенмен азық-түлік дүкендерінің көбі әлі жабық. Ал кей дүкендерде азық-түлік қоры азайған. Сондықтан мешіттің ұйымдастыруымен мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттері жеткізіліп жатыр. Игі шараға белсенділер, кәсіпкерлер және қарапайым халық атсалысуда.
Алмас Сағидоллаұлы, Талдықорған өңірінің бас имамы:
Әрбір қиналған отбасыларда қуаныш болсын. Олардың шаңырақтарында балалар қорықпасын. Үйлерінде қуаныш болсын деген мақсатта, әр шаңырақта қуаныш болсын деген мақсатта осындай қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жатырмыз.
Қайырымдылық акциясына көлігі бар азаматтар да үлес қосты. Олар азық-түлікті тиеп алып, тізім бойынша үй-үйге таратып берді. Себеттер мұқтаж деген мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарияларға жеткізілді.
Серікбол Сауранбаев, қала тұрғыны:
Осы барды бағалап, денсаулықтың қадірін біліп, осы Тәуелсіздіктің қадірін біліп, бір-бірін кешіріп, бір-біріне мейіріммен қараңдар. Ертең өкініп қаласыңдар.
Азық-түлік 100-ге жуық отбасына жеткізілді.Игі бастаманы облыстағы басқа аудан-қалалардағы жамағат жалғастырады.
Қуаныш Қанатұлы