Жамбыл облысында 10-ға жуық қылмыскердің көзі жойылды. Тағы 14 адам ұсталды. Қазір аймақта қауіпсіздік шаралары күшейіп, әскерилер стратегиялық нысандарды күзетуде. Ал бүлікшілер зақымдаған ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары басталған.
Бұл кадрде әкімдік ғимаратының алдына жиналған бүлікшілерді көруге болады. Олар нысанды қорғап тұрған әскерилерге қарсы шабуыл жасап, соңында ғимаратты басып алған.
Нұрдос Болатұлы, тілші:
Бүлікшілер Тараз қаласының орталық алаңында орналасқан «Нұр Отан» партиясының филиалы ғимаратына басып кіріп, ішін тонап қиратып, өрт қойған. Қазіргі жағдайы дәл осындай. Сондай-ақ, облыс әкімдігі, Полиция департаменті және полицияның бірнеше бөлімдеріне де от жағып зақым келтірген.
Қаруланған қылмыскерлер онымен тоқтамай, әскерилер мен полицейлерге оқ атып, террорлық шабуыл жасады. Жолды жауып, қала ішінде жаппай тәртіпсіздік орнатты. Оларға қарсы Полиция, ҰҚК департаменттері мен «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының 2000-нан астам қызметкері, 100-ден астам техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 10-ға жуық қылмыскердің көзі жойылды, 153 бүлікші ұсталды. Ал қала тұрғындары болған оқиғадан қатты үрейленгеніп қалған.
Қашқан қылмыскерлерді жедел іздестіру шаралары қолға алынды. Тінту кезінде жеңіл көліктен 14 калашников автоматы, снайперлік винтовкасы, оқ-дәрі, жарылғыш граната және ірі көлемде шетел валюталары тәркіленді. Онымен қоса, әкімдік ғимаратын жағып жіберген 4 адам қолға түсті. Олардан оқ-дәрілер мен тағы екі калашников автоматы табылды. Жалпы қақтығыс кезінде 2 полицейге оқ тиіп, 7-і жарақат алған. Осы уақытқа дейін ауруханаға 38 адам жатқызылса, түрлі жарақаттармен 283 адам медициналық көмекке жүгінген. Қазір олардың арасындағы тәртіп бұзғандар мен бүлікшілер анықталып жатыр.
Нұрдос Болатұлы, тілші:
Қазір біз Тараз-Байзақ ортасындағы 6-блокбекетте тұрмыз. Тараз қаласының кіріп-шығу қақпаларына дәл осындай 11 блокпосттар қойылған. Полиция қызметкерлері мен әскерилер, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, көліктерді түгел тексеріп азаматтардың жеке басын анықтауда. Егер күдікті заттар табылатын болса, олар бірден ұсталады.
Облыс бойынша 29 блокбекет жұмыс істеуде. Өйткені ауыл-аймаққа қашып жасырынған қарулы қылмыскерлер болуы мүмкін деген ақпарат бар. Сондықтан облыста комендаттық сағат енгізіліп, кешкі және түнгі уақытта тұрғындардың көшеде жүруіне шектеу қойылды.
Дәулет Кәрібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
Осы жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан ешқандай әлуметтік-мәдени нысандар зардап шеккен жоқ. Барлық медициналық емхана шттатық режимде жұмыс істеп тұр. Инженерлік-әлеуметтік обьектілер өз уақытында жұмыс жасауда.
Қаладағы дүкендер мен жанармай бекеттерінде баға тұрақты. Сұйытылған газ литріне 60 теңгеден сатылуда. Теміржол бекетіне түнгі 23.00-ден кейін пойыздан түскен жолаушыларды тасымалдайтын арнайы автобус қойылды.