Алматыда кинематография институтының күндері өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда кинематография институтының күндері өтуде

25.03.2014
Алматыда кинематография институтының күндері өтуде

Кеше Алматыда Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының күндері басталды. Игі шара аясында бүгін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенттері әйгілі ВГИК институтының профессорларынан дәріс алды. Сахна мәдениеті, актер шеберлігі, кино түсіру барысындағы каскадерлар жұмысына қатысты тың кеңестер айтылды.

 
Профессор Айдар Захаров студенттердің бойында қабілеттілікті арттырып, жасампаздықтан аулақ болуды үйретеді. Әрбір іс-қимыл мен пластика мәдениетіне мұқият назар аударады. Актер сомдап тұрған бейненің шымырлығы мен қыр-сырын ашу үшін, қазір студенттерге кино әлемінде танымал Менхоль әдісін көрсетуде. Әсіресе, Захаров кино алаңында актерлердің әріптестерімен тығыз байланыс орнату қажеттігін алға тартады. 
 
Айдар Захаров, С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік Мемлекеттік кинематография институтының профессоры:
Бұл менің Алматыға алғаш келуім, дегенмен бұған дейін Астанада болып, ондағы студенттерге тәжірибе сабақтарын бердім. Маған қазақ жастарының батылдығы, берген тапсырманы тосылмай орындайтындығы ұнайды. Себебі, образға еніп, кейіпкердің кескін-келбетін ашуда шынайылықтың шыңына жетеді. Болашақта Қазақстандық әріптестеріммен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесіп жұмыс істейміз деген ниеттемін.
 
Актердің кино түсіру барысында пышақ қадау, қол күрестіру, қару-жарақты дұрыс қолдану, ату, көздеу, тіпті саптық адымды да сомдауының өзіндік қыр-сыры болады. Тіпті жұдырықтасқанда да белгілі дауыстың шығуы қажет. Мұндай әдіс-тәсілдерді мәскеулік мамандар студенттеріне институт қабырғасында үйретеді. Ал, отандық өнер академиясында бұл пән кенжелеп тұр.
 
Аман Құлбаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Театр өнері факультетінің деканы, профессор:
Бұрыннан келе жатқан үлкен оқу орны болғаннан кейін, мұнда актер мектебі қалды. Ал бізде актер мектебі қалыптасқан жоқ. Бұларменен тәжірибе алмасу біз үшін тиімді.
 
Жастар шығармашылығы мен киноөнерді қолдау мақсатында академия шәкірттері ВГИК студенттерінің «Скрипка» атты көркем фильмін тамашалады. Көрсетілімнен кейін ғылыми ізденіс, аудиобейне, режиссер жұмысы талқыға салынды.
 
 
Әйгерім МУСИНА
 

Хабарламаларға жазылу