Алматыда кинематография институтының күндері өтуде

24.03.2014
Алматыда кинематография институтының күндері өтуде
Бүгін Алматыдағы Лермонтов атындағы орыс драма театрында C.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының Алматыдағы күндерінің ашылу салтанаты өтті. Биыл 95 жылдығын атап өтіп жатқан атақты Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты  Кеңес одағы тұсында киноөнері мамандарын даярлайтын жоғары дәрежелі оқу орны болды.
 
Әуелде 1919 жылы дүниежүзі бойынша тұңғыш рет Мәскеуде режиссерлер, операторлар, актерлер, суретшілер даярлайтын кино мектебі болып ашылды. Кейіннен 1934 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты болып қайта құрылды.
 
Киноөнерінің орталығына айналған оқу ордасы 1941-1944 жылдары Мәскеуден Алматыға көшірілді. Соғыстың ауыр жылдары институттың шырқы бұзылмай, дін аман сақталып қалуына Алматы қаласының үлесі зор,   дейді институт мамандары.
 
Қазақ киносын алға сүйреген Мәжит Бегалин, Сұлтан-Ахмет Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Сатыбалды Нарымбетов сынды қайраткерлердің бәріде ел аузында ВГИК атап кеткен осы институттан түлеп ұшты.
 
Бүгін көпшіліктің назарына Михаил Булгаковтың «Мастер мен Маргарита» шығармасы желісіндегі қойылым ұсынылды. Өнер институтының Алматыдағы күндері төрт күнге ұласады.
 
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет министрі: 
Кино саласындағы әлемге белгілі оқу орнының 95 жылдығы Алматы қаласында өтіп жатқаны бәрімізге ортақ қуаныш. Сонау қиын жылдары өнер ордасы Алматыға көшіп келді. Қазіргі уақытта шетелден өнер ұжымдарын шақырсақ, Қазақстан қаражат төлейтін еді. Ал бұл жолы кинематография институты өз қаражатымен, өз қойылымдарымен елге келді.
 
 
Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу