Лаңкестік топтың арасында шетелдік азаматтар тым көп - депутат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лаңкестік топтың арасында шетелдік азаматтар тым көп - депутат

08.01.2022

Мемлекетке халықпен етене жұмыс істей алатын азаматтар қажет. Үкімет пен әкімдіктерге қалтасының емес, елдің қамын ойлайтын адамдар келу керек. Ұлттық арнаға сұхбат берген депутаттар осылай дейді. Сонымен бірге олар мемлекеттік міндетіне салғырт қарағандарды жазасыз қалмау керегін айтты. һ

«Лаңкестік топтың арасында шетелдік азаматтар тым көп. Бұл – ұйымдасқан қылмыстық топ. Стратегиялық нысандарға шабуыл жасауды ұзақ уақыт бұрын көздеп, қақтығысты алдын ала жоспарлаған. Бастысы бұлардың Қазақстанға қаны қарсы», - дейді депутат Ерлан Сайыров.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қандай инфрақұрылым, әкімшілік, телеарна, қай жерге қашан бару керегін жақсы біледі. Ең негізгісі әуежайға барған кезде күзет болған дейді. Бірақ лаңкестер келер алдында бұйрық келеді «сендер мына жерден кетіп қалыңдар» деген. Менің ойымша Қазақстан халқына, мемлекетіне қарсы үлкен террористік шабуыл және бұл шабуыл бұрыннан бері жоспарланған. Әрбір адам нақты істейтін істерін біледі. Ең негізгісі - кеше өздеріңіз көрдіңіздер бұлардың Қазақстан мемлекетіне қаны қарсы.

  Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Алматы әуежайында туыстарымыз жұмыс істейді. Солар айтады: алдында 40-50 адам әскер тұрған дейді. Соларға аяқ астынан екі қара джип келіп, адамдар шығып, басшыларымен сөйлесіп, сендер кетіңдер дегендей жағдай жасаған. Әскерилерге кім тапсырма бере алады? Тек әскери адамдар ғой. Яғни бұл жерде үлкен опасыздық мәселесі тұрғаны айдан анық нәрсе.

Енді Қазақстанға шенеуніктердің жаңа корпусы керек. Бұл – халықпен етене жұмыс істей алатын азаматтар. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Үкімет пен әкімдіктерге қалтасының емес, елдің қамын ойлайтын адамдар іріктелу керегін жеткізді. Айтуынша, азаматтың ісіне қарап, нақты баға беретін кез жетті.

 Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бізге халықпен сөйлесе алатын, халықтың алдына шыға алатын, қорықпайтын әкімдер мен министрлер керек. Ал енді өзің тығылып қалып, орынбасарыңды, басқаны жіберсең, онда сен қандай әкімсің?! Басу айтудың орнына өзің тығылып жүрсең, кімсің?! Халықтың мәселесін шешіп жүрсің де, әлде өз мәселеңді шешіп жүрсің бе деген секілді. Сондықтан менің ойымша алдағы уақыттан бастап елде тек шын елге қызмет ете алатын, қалтасының емес, елдің мәселесін шешетін азаматтар келу керек.

Ал депутат Мейрамбек Төлепбергеннің сөзінше, Отанға опасыздықтың үлкен-кішісі болмайды. Олар жазасыз қалмауы керек. Міндетіне салғырт қарап, жолынан жаңылғандар жауапкершіліктен сытылып кетпеуге тиіс.

 Мейрамбек Төлепберген, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мемлекет басшысы 3 рет мәлімдеме жасады. Сол үндеуде айтылған нәрсенің бәрі бағыт-бағдар болу керек.  Елді сақтап қалу, мемлекетті шайқалтпау, шаңырағымыздың уықтарын сындырмау жолындағы әркімнің үлесі болуы қажет. 

Сарапшылардың сөзінше, қақтығыстан Қазақстанға 100 млрд теңге шығын келді. Енді жаңа қоғамда өмір сүруге, ел болып қалуға, қоғам болып қалыптасуға күш біріктіретін кез жетті. Елді бүлікке емес, бірлікке үндейік.


Хабарламаларға жазылу