Нұртөре Жүсіп: Өте қиын сын-сағаттар туып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұртөре Жүсіп: Өте қиын сын-сағаттар туып тұр

08.01.2022

Ел  Парламенті Сенатының депутаттары қазіргі жағдайға байланысты халықты сабырға шақырып, арандатушылыққа жол бермеу керектігін өтінді.

Әлімжан Құртаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
Ардақты ағайын! Лаңкестердің, мынау террористік топтардың алдауына ермеуге, барлық наразылықтар, барлық келіспеушіліктерді заң шеңберінде шешуге шақырамыз. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы - егемендік еді. Сол егемендігіміздің мәңгілік болуы - бүгінгі таңда сіздер мен біздердің қолымызда. Сіздер мен біздердің міндетіміз деп түсінуіміз қажет.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Қазақ үшін, жалпы Алаш баласы үшін өте бір қиын күндер, қиын сын-сағаттар туып тұр. Абай атамыздың «қайғы келсе қарсы тұр, оңғаққа ерме» деген сөзі бар. Оңғаққа ерудің аяғы не болғанын халқымыздың бәрі көріп отыр.Сондықтан ең қымбат Тәуелсіздіктен айырылып қалмау - басты мақсат болу керек. Есті жию керек, елдіктен айырылмау керек. Сондықтан да барша ағайынға айтар сөз – Тәуелсіздігіміз, азаттығымыз, мемлекеттігіміз - ең басты құндылық. Мемлекет болмаса біз кімбіз? Мемлекет болмаса біз құлмыз. Осыны ұғыну керек деп айтқым келеді.
Ольга Булавкина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Әр азамат өз елінің ертеңі, қоғамның болашығы мен ұрпақтар сабақтастығы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ешкім ешқашанда заңға қарама-қайшы келетін әрекеттер жасамауы керек. Осындай жағдайда ел Президентінің қасынанн табылып, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларының барлығын қолдауға шақырамын. Қазір өте ауыр жағдай. Қаза тапқандардың отбасына қайғырып көңіл айтамын.
Рысқали Әбдікеров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бұзақылар жасаған терроистік актінің ұйымдастырушылары нағыз террористер екені анықталды. Олар Алматы мен басқа да қалаларда кейбір қару-жарақ қоймаларын басып алып, ел ішінде іріткі салуда. Осыған байланысты мемлекет басшысы ұжымдық қауіпсіздік ұйымына мүше мемлекет басшыларына бітімгерлік көмек сұраған болатын. Мен бұл ұсынысты толықтай өз басым қолдаймын. Себебі азаматтарымыздың тыныштығы мен қаупсіздігін қорғау конституция бойынша Президентіміздің басты міндеті. Сондықтан бүгінгі ахуалға түсіністікпен қарап, түсіністік танытайық.


Хабарламаларға жазылу