Шымкенттегі медициналық мекемелер мен қан орталығы бірнеше тәуліктен бері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Өйткені қаңтардың 4 мен 5 күні болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 100-ден астам азамат жарақат алған. Олардың жартысынан астамы - әскерилер мен құқық қорғау орындарының қызметкерлері.
Самандар Бақтиярұлы тәртіпсіздіктің алғашқы күнінде ауыр жараланды. Орталық алаңды күзетіп тұрған кезінде оң жақ иығына оқ тиіп, қолы сынған. Сондай-ақ жамбасынан да ауыр соққы алады. Жедел медициналық көмектің арқасында оған операция жасалды. Қазір жағдайы жақсарып келеді. 21 жастағы бозбаланың әскери қызметке алынғанына әлі жыл да толмаған. Ол Шымкенттегі 65/06 әскери бөлімінде бөлімше командирі болып қызмет етеді.
Самандар Бақтиярұлы, Ұлттық Ұланның бөлімше командирі:
Әскери бөлімнен дабыл бойынша барғанбыз. Сағат 14:00-ден аса травматикалық оқ тиген соң осында жеткізді. Күн тұман болатын.
Жалпы, екі күнге созылған жаппай тәртіпсіздік кезінде 100-ден астам азамат жарақат алған. Оның 48-і ауруханаға жеткізілді. Олардың барлығы 18-30 жас аралығындағы жастар. Одан бөлек 45 полиция қызметкері де медициналық көмекке жүгінген. Жалпы қазір ауруханалардың жансақтау бөлімінде 7 науқас ем алуда.
Бақытжан Позилов, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Көбінесе зақым түрлері оқпен жарақат, пышақпен сұғылған жарақат және ұрылған соғылған жарақаттар.
Қақтығыс кезінде медицциалық қызметкерлердің өзі де соққыға жығылды. 7 жедел жәрдем көлігіне шабуыл жасалып, екі дәрігер жарақат алған. Олар бүгінде сауығып, үйлеріне жіберілді. Жарақаты асқынып кетпесе Ұлттық Ұлан сарбазы Самандар Бақтиярұлы да енді бір аптадан соң жазылып шықпақ.