Елдегі блокбекеттердің бірінен діни экстремистер ұсталды. Бүлік кезінде дүкендерді тонап, тапқан дүниелерін қала асырмақ болғандар да қолға түсті. Күштік құрылымдар қырағы қадағалауды күшейткен. 70-тен аса блокпост орнатылды
Қалааралық тас бөгеттер қойылса да, біреулерге ол бөгесін емес. Сондықтан сақшылар қырағы қадағалап тұр. Қарағанды облысында Өзбекстан азаматы ұсталды. Оның Қазақстанда тіркеуі біткендіктен, білдірмей өтіп кетпек болған. Бірақ тоқтатты. Сол блокбекеттен былтыр желтоқсанда хабар-ошарсыз жоғалған қыз да табылды. Анығында ұсталып қалды.
Елордадан да ерсілі-қарсылы шықпақ болғандар аз емес. Ал әрекеттері күдік тудырғандар жол жиегінде тексеріледі. Бірақ полицейлер әзірге тек ескертумен шектелген.
Семейге беттеу мүмкін емес. Қала кіреберістеріне тас қамалдар қойылды. Көлік атаулыны тоқтатып, тінту жүргізіп, жолға шығу жөні сұралады. Тіпті шаһардың ішінде де көшпелі бекеттер тұр. Тексерулер барысында заңсыздық, тәртіп бұзу дерегі тіркелмеді.
Айдар Садырбаев, Семей қаласы әкімінің орынбасары:
Тұрғындардың, қала қонақтарының алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Қоғамдық тәртіп тиісті күш құрылымдарымен және азаматтардың бастамашы топтарымен, еріктелердің жасақтардың күшімен толық қамтамасыз етіліп отыр.
Жамбыл облысына 29 блок пост орнатылды. Күзет күшті. Өйткені ауылдарға қашып жасырынған қарулы қылмыскерлер болуы мүмкін деген ақпар бар. Қас қарайғаннан бастап тұрғындардың бейсауат жүруіне жол жоқ.
Түркістан облысы «Ынтымақ» бекетінде екі адам ұсталды. Олар Алматыда тонауға қатысқан деген күдік бар. Алматы-Түркістан бағытындағы автобус тоқтатылып, тексерілгенде, тұрмыстық техникалар табылды. 23 және 26 жастағы жігіттерден ноутбук, «Iphone» мен «Samsung» телефондары, «Canon» фотоаппараты мен алтын бұйымдары және 2 сөмке жаңа киімдер тәркіленді. Олар бұрын да ұрлық жасағаны үшін сотталған екен. Дәл осындай дерек Жетісай ауданында да тіркелді. Бұзақылар Шымкент дүкендерін тонаған.
Батыс Қазақстандағы блок бекеттен теріс діни ағым өкілдері ұсталды. Олар Алматыдағы тәртіпсіздіктерге қатысқан әрі дүкендерді де тонаған. «Тойота Альфард» маркалы көлігі тоқтатылған. Полицейлердің машинаның багажын ашу туралы талабын орындаудан бас тартқан. Содан жолаушыларды тінту кезінде біреуінен пышақ табылды. Ал оларды полиция бөліміне жеткізу жолында қашып кетпек болған. Бірақ сырт айнала алмады. Сонымен тексеру барысында көз жасаурататын граната, оқ-дәрі, 50 жаңа телефон, 6 планшет, 23 смарт сағат және гаджеттер тәркіленді. Сондай-ақ магниттері жұлынбаған бірнеше сөмке киім де шықты. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Нысаналы Ығыл, өңірдегі тілшілер