Коменданттық сағатқа қатысты шектеулерді көпшілік түсінбей жатқанға ұқсайды. Белгіленген уақыт аралығында себепсіз көшеде жүруге болмайды. Бұл әуелі әр адамның өз қауіпсіздігі үшін маңызды. Бірақ тәртіп сақшыларының сөзінше, сыртта жүрген тұрғындар тыйылмай тұр. Елордалық құқық қорғаушылар әзірге тек ескерту жасап жатыр.
Көкшетауда талап бұзған 140 тұрғын анықталды
Ал Көкшетауда талап бұзған тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр. Өткен түні коменданттық сағат талаптарын бұзған 140 тұрғын анықталды. 10 адам қамауға алынды. Алғашқы күні тәртіп сақшылары түсіндірумен шектелген. Бірақ бір түнде ескертуді елемей, бірнеше рет тәртіп бұзған 5 адам тіркелді. Тәртіп бұзғандарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Режимнің сақталуын полицейлер қамтамасыз етуде.
Жанатбек Есімов, Көкшетау қалалық Полиция басқармасының бастығы:
Коменданттық сағатты бізде іске асыру үшін бүгінгі таңда 60 қызметкер, 18 автопатруль жасағы, 220 біздің өз азаматтарымыз жұмылдырылған. Сол 220 азаматтың ішінде ауған соғысына қатысқан азаматтар, біздің спортшылар, қаланың тұрғындары өздері келіп көмектесеміз деген.