Жамбыл облысында қашып кеткен қарулы қылмыскерлерді ұстау операциясы әлі жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында қашып кеткен қарулы қылмыскерлерді ұстау операциясы әлі жалғасып жатыр

08.01.2022

Жамбылдағы ахуал жергілікті биліктің қатаң бақылауында. Террорлық шабуыл жасап, қашып кеткен қарулы қылмыскерлерді ұстау операциясы әлі жалғасып жатыр.

Нұрдос Сембек, тілші:

Қазір қалада қауіпсіздік шаралары күшейген. Теміржол бекеті, әуежай, әскери қоймалар мен дәріханалар әскерилердің қорғауында. Террорлық шабуыл жасаған 6 қылмыскердің көзі жойылып, ұсталған бүлікшілердің саны 139-ға жетті. Бүгін ұсталған жеңіл көліктен 14 калашников автоматы, снайперлік винтовка, оқ-дәрі, жарылғыш граната және ірі көлемде шетел валюталары тәркіленді. Жалпы, қақтығыстан екі полицейге оқ тиіп, 7-еуі жарақат алған. Облыс бойынша 29 блокбекет жұмыс істеуде. Қаланың кіріп-шығу қақпаларында көліктер мұқият тексеріліп, азаматтардың жеке басы анықталуда. Өйткені ауыл-аймаққа қашып жасырынған қарулы қылмыскерлер болуы мүмкін деген ақпарат бар. Сондықтан облыста коменданттық сағат енгізіліп, кешкі және түнгі уақытта тұрғындардың көшеде еркін жүруіне шектеу қойылды.

Қасымхан Төлендиев, қала тұрғыны:

Бұл оқиғадан айрықша сабақ алдық. Себебі Тәуелсіздігіміздің тағдыры қыл үстінде тұрған кезде Президентіміздің батыл қадам жасады. Жамбыл облысында қазір жағдай тұрақталды. Азық-түлік дүкені, базар жұмыс істеп тұр.

Нұрдос Сембек, тілші:

Өңірдегі төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі бүгін шұғыл штаб отырысын өткізді. Талап пен тәртіпті күшейтіп, тұрғындардың қалыпты өмірге оралуына барынша жағдай жасау керектігін тапсырды. Сондай-ақ зақым келген ғимараттарды жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен қайта қалпына келтіру жұмыстары бүгіннен басталды. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қаланы аралап, әлеуметтік маңызы бар дүкендегі, жанармай құю станицияларындағы баға тұрақтылығын қадағалады. Қазір Жамбыл облысында сұйытылған газ бағасы литріне 60 теңге болды. Бұдан өзге жылу қазандықтарын, электр тасымалдайтын, сумен қамтамасыз ететін мекемелердің жұмысымен танысты. Қазір тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық-инжинерлік нысандар штаттық режимде жұмыс істеуде. Қоғамдық тыныштық сақтау бойынша еріктілер мен қоғам белсенділері бірлескен жұмыстарын жалғастыруда. Әскерилер бүлікшілер мен қылмыскерлерді ұстау, жедел іздестіру шараларын әлі де жалғастыруда.


Хабарламаларға жазылу