Жамбылдағы ахуал жергілікті биліктің қатаң бақылауында. Террорлық шабуыл жасап, қашып кеткен қарулы қылмыскерлерді ұстау операциясы әлі жалғасып жатыр.
Нұрдос Сембек, тілші:
Қазір қалада қауіпсіздік шаралары күшейген. Теміржол бекеті, әуежай, әскери қоймалар мен дәріханалар әскерилердің қорғауында. Террорлық шабуыл жасаған 6 қылмыскердің көзі жойылып, ұсталған бүлікшілердің саны 139-ға жетті. Бүгін ұсталған жеңіл көліктен 14 калашников автоматы, снайперлік вентовкасы, оқ дәрі, жарылғыш граната және ірі көлемде шетел валюталары тәркіленді. Қақтығыстан екі полицейге оқ тиіп, жетеуі жарақат алды. Облыс бойынша 29 блок бекет жұмыс істеуде. Қаланың кіріс-шығыс қақпаларында көліктер мұқият тексеріліп, азаматтардың жеке басы анықталуда. Өйткені ауыл-аймаққа қашып жасырынған қарулы қылмыскерлер болуы мүмкін деген ақпарат бар. Сондықтан облыста коменданттық сағат енгізіліп, кешкі және түнгі уақытта тұрғындардың көшеде еркін жүруіне шектеу қойылды. Өңірдегі төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі бүгін шұғыл штаб отырысын өткізді. Талап пен тәртіпті күшейтіп, тұрғындардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау керектігін тапсырды. Сондай-ақ зақым келген ғиматтарды жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен қайта қалпына келтіру жұмыстары бүгіннен басталды.
Барлық тұрғынның тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық-инжинерлік нысандар штаттық режимде жұмыс істеуде. Қоғамдық тыныштық сақтау бойынша еріктілер мен қоғам белсенділері бірлескен жұмыстарын жалғастыруда.
Дәулет Кәрібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бүкіл жанар-жағармай бекеттерін, оның ішінде газ бекеттеріндегі бағалардың тұрақтылығын, әлеуметтік дүкен, сауда-орталықтарындағы бағалармен танысып өтті. Одан бөлек жылу қазандықтарын электрмен қамтамасыз ету, ыстық және суық сумен қамтамасыз ету бойынша да мәселелердің барлығын бақылауда ұстауда. Бұл бойынша бізде ешқандай мәселе жоқ. Жағдай тұрақты. Әлеуметтік нысандар тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Газ бағасы облыс бойынша 60 теңгені құрап, сол мөлшерден аспайды.