Семейде жағдай тұрақталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде жағдай тұрақталды

08.01.2022

Семейде жағдай тұрақталды. Қала өмірін қамтамасыз ететін барлық қызметтер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Денсаулық сақтау, сауда-саттық, қоғамдық көлік, су, жылу және электрмен қамтамасыз етуші мекемелер үздіксіз қызмет көрсетуде. Облыс әкімі Даниал Ахметов барлық әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы уақытында берілетінін айтты. Бұл үшін банк секторы қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген. Аймақ басшысы төтенше жағдай кезінде енгізілген уақытша шектеулерге түсіністік пен шыдамдылық танытқан семейліктерге ризашылығын айтып, жақын арада қалыпты өмірге оралуға тілектестік білдірді. Тұрғындардың тек ресми мәліметтерге сүйеніп, диструктивті топтардың арандатушылық әрекеттеріне ермеуге шақырды.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Жалпы алғанда жағдай тұрақты. Қазір елімізде төтенше жағдай енгізілген. Біз облыс көлемінде антитеррористік операция жүріп жатырмыз. Еліміздің тұрақтылығына қауіп төндіріп отырған террористермен, қылмыскерлермен күресудеміз. Тиісті шешімге сәйкес, оларға қатаң шара қолданылуда. Мемлекетке, Қазақстан халқына қарсы шыққандар заң алдында жауап береді.


Хабарламаларға жазылу