Басты Жаңалықтар Елдегі жағдайға байланысты енгізілген шектеу шаралары алына бастады

Елдегі жағдайға байланысты енгізілген шектеу шаралары алына бастады

Елдегі жағдайға байланысты енгізілген шектеу шаралары алына бастады. Қазір жұрт қалыпты өмірге оралып жатыр. Жүк және жолаушылар тасымалы қайта жанданып, ұшақтар көкке көтерілді. Десе де кейбір халықаралық рейстер кестетен кешігіп жатыр. Ал шетелдерден қайта алмай отырған мыңдаған жерлесіміздің алды бүгін елге ұшып келеді деген жоспар бар. Азық-түлік, сауда желілеріндегі жағдай да жақсара түсті.

Қазір 7 жарым мыңдай қазақстандық елге жете алмай отыр. Басым бөлігі жаңа жылды Біріккен Араб Әмірліктері мен Тайландта қарсы алған жерлестеріміз. Алматыдағы жағдайдан соң, рейстері тоқтатылған еді. Енді халықаралық қатынас қайта жанданып, ұшақтар Дубай, Мәскеу секілді қалаларға ұшып жатыр. Туристердің алғашқы легі осы лайнерлермен бүгін қайтып келмек.

Бір ғана Грузияда 550-ге жуық жерлесіміз қазақ жеріне жете алмай жүр. Өйткені үш бірдей әуе компаниясының рейстері шегерілген. Мұнда да Нұр-Сұлтаннан әуе кемесі аттанбақ. Әзірге сондағы дипломаттарымыз, отандастарымызға қолдау көрсетіп жатыр.

Георгий Джахуташвили, Қазақстан Республикасының Грузиядағы елшісі:
Жолаушылардың көпшілігі Тбилисиде. Қазір біз оларға қонатын жер тауып беруге және қаржылай көмек көрсетуге тырысып жатырмыз. Қазақстандық туристер де өздері бір-біріне хабарласып, интернет арқылы байланыста отыр. 

Жалпы бірнеше күнде жүздеген рейс тоқтатылды. Сол үшін жолдан қалған жолаушыларға арнайы Колл Орталық іске қосылды. Рейстердің шегерілуі, билет құнын қайтарып алу, тағы да басқа сұрақтар бойынша экрандағы нөмірге хабарласуға болады. Орталық тәулік бойы жұмыс істейді.

Бүгіннен бастап жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалысы да толық қалпына келтірілді. Бұған дейін жабылып қалған Мақат, Арал-Теңіз, Бейнеу, Маңғыстау, Сексеуіл станциалары арқылы жолашылар пойыздары қайтадан қатынай бастады. Бұған дейін тоқтатылған барлық 25 жолаушылар пойызы белгіленген кесте бойынша жолға шығады.

Жүк тасымалының қалпына келуі азық-түлік, сауда желілерінің жандануына сеп. Десе де Сауда және интеграция министрлігі азық тапшылығы болады деп алаңдауға негіз жоқ дейді. Ел бойынша Алматы, Талдықорған, Орал, Шымкент, Тараз қалаларындағы біраз сауда орындарынан өзгелері штатты режимде жұмыс істеп жатыр. Жақында сауда желісі толығымен қайта іске қосылмақ. Оның үстіне азық-түлік корпорациясы ішкі нарықта бағаны тұрақтандыру үшін 500 мың тонна астық жібереді.

Ал "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұзақылар көбіне азық-түлік дүкендерін, сауда үйлері мен тұрмыстық техника сататын орындарды тас-талқан еткен дейді. Бас-аяғы 300-ден аса бизнес нысаны қираған. Келтірілген шығын 45 млрд теңге. Бірақ бұл сан әлі де өсуі мүмкін. Қазір Президент тапсырмасы бойынша арнайы комиссия құрылды. Олар антитеррорлық операциялар аяқталған соң, нақты шығын көлемін есептеуге кіріседі. Осы туралы абоненттердің телефон нөмірлеріне смс хабарлама келіп жатыр. Онда мемлекет экстремистердің кесірінен зардап шеккен шағын және орта бизнеске көмектесетіні жазылған.


Бөлісу