Аймақтардағы ахуал: Барлық өңірде арнайы штаб құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтардағы ахуал: Барлық өңірде арнайы штаб құрылды

07.01.2022

Енді аймақтардағы ахуалға тоқталсақ. Барлық өңірде арнайы штаб құрылды. Жергілікті билік өкілдері халықтың қауіпсіздігін сақтауға күш салып жатыр. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты. Тәртіпсіздіктер болған жоқ. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті әлеуметтік нысандар штатты режимде жұмыс істеп жатыр.

Ал, Павлодарда соңғы 2 күнде 400 бұзақы ұсталған. Қаңтардың 5-і күні облыс әкімшілігі алдына жүздеген адам жиналған. Кейбірі әкімшілікке баса көктеп кірмек болып, есігі мен терезесін сындырған. Бірақ, полиция мен әскерилер олардың бетін қайтарды. Бейнекамерадағы жазба мен әуесқой түсірілімдер тексеріліп, арандатуға үгіттеген 83 адам ұсталды.

Жанар Біләлова, полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
Ұсталған 400 адамның 144-і сот шешімімен қамауға алынды. Ал 173-і 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болады. Облыс коменданты тұрғындарды жалған ақпарат таратушыларға ермеуге шақырады.

Ақмола облысында жағдай тұрақты. Облыс әкімінің басшылығымен жедел штаб пен "Ақмола - қауіпсіз аймақ" атты еріктілер тобы құрылды.

Ал, Қарағандыда Наразылыққа шыққан облыстағы еңбек ұжымдары қазір өз жұмыстарына кіріскен. Сәтпаев қаласында жұмысшылар қойған талап бойынша «Қазақмыс» компаниясы шара қабылдаған. Бірақ, облыстағы банкоматтарда кезек көп, интернеттің жоқтығынан дені істемейді. Қаланың тыныштығын 50 экипаж күзетіп жүр.

Ақтауда алаңға жиналғандардың басым бөлігі бүгін үйлеріне тарай бастады. Спортшылар мен тұрғындар орталық көшеге тігілген темір үйлерді жинастыра бастады. Бірақ, алаңда әлі де 200-дей адам қалған. Ақтау-Ақшұқыр, Ақтау-Мұнайлы бағытындағы жолдар ашылған. Ал, Жаңаөзен қаласында жиналған топтың жартысына жуығы қайтса, жартысы әлі алаңда жүр. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, тәртіп бұзушылық тіркелмеген.

Өскеменде қаланың орталық алаңы қоршауға алынды. Облыстық әкімдік ғимаратын да полиция күзетіп тұр. Өйткені, 5-нен 6-на қараған түні бұзақылар облыстық әкімдікті басып алмақ болған. Бірақ оған жол берілмеді. Бүлікшілер ғимараттың терезелерін сындырып кеткен. Қазір тәртіпсіздік кезінде ұсталғандар тергеліп жатыр. Республиканың барлық аймағы толық бақылауда. Күштік құрылымдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.


Хабарламаларға жазылу