Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді

05.01.2022

Елде мұнай өнімдерінің бағасын реттеу мықтап қолға алынады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын түсіру үшін нақты шаралар қажет, оны әр өңірдің басшылары шұғыл қабылдауы тиіс. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң дайындау күн тәртібінде. Коммуналдық тарифтерді көтеруге 6 ай мораторий енгізіледі. Мемлекет басшысы өткізген кеңесте осы және өзге мәселелер қамтылды. Әлеуметтік осал топтар үшін баспананы жалға алу құнын төлеуге көмектесу өзекті. Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» арналған қоғамдық қор құру жайы айтылды. Ол мемлекеттік бюджет пен жеке көздерден қаржыландырылады. Президент бұған дейін атқарылған жұмыстарды сынға алды. Қазір бұл салаларды реформалауға қатысты жүйелі әдіс керектігін қадап айтты

Ал Үкімет басшысының міндетін атқарушы Әлихан Смайылов осы тапсырмаларды іске асыру бойынша жиын өткізді. Газ саласын дамытудың кешенді жоспары мен сұйытылған газ өндіретін зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама жүргізуді жеделдетуді тапсырды. Газ сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізудің қолданыстағы қағидаларын пысықтау, сұйытылған газды электрондық сауда алаңы арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға шегерілетіні айтылды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің міндетін атқарушы:

Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жоғарыда аталған шараларды кідіріссіз қабылдауды тапсырды. Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлеу тапсырамын. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктері денсаулық сақтау мен балалар проблемаларын шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құруды қамтамасыз етсін.


Хабарламаларға жазылу