Маңғыстау облысында газ бағасын реттеу үшін қоғамдық штаб құрылды. Мақсат - мәселенің оң шешілуіне ықпал ету. Қазіргі уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған үкіметтік комиссия өңірде жүр.
Өңірге арнайы келген Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік комиссия тап қазір облыс әкімдігінде жиын өткізіп жатыр. Отырысқа Президент әкімшілігінің, Энергетика министрлігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысуда. Комиссия мәселені оңтайлы шешу жолын пысықтап жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, өңірде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты бірнеше күннен бері тұрғындар наразылық білдіруде. Газ құнын 50 теңгеге дейін түсіруді талап етуде. Жаңаөзен мен Ақтау қаласы тұрғындарымен өңір басшысы Нұрлан Ноғаев кездесті. Жиналған жұртқа Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі газ құю бекет иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеу басталғанын жеткізді.
Кездесуде облыс әкімі жиналғандарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды. Облыс әкімі кез келген мәселені тек диалог арқылы шешуге болатынын атап өтті.
Айта кететін жәйт, Жаңаөзенде де, Ақтау қаласында да тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ. Бұған дейін осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділерінен тұратын қоғамдық штаб құрылған болатын. Олар бұқараның талап-тілегін үкіметке жеткіземіз деп мәлімдеме жасады.
Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
Қазіргі таңда сұйытылған газ бағасы 85-90 теңге. Бірақ әрі қарай ешқандай заңсыздық болмау үшін Президент әділетсіздіктерді, жабық, көлеңкелі тұстарын жою жөнінде тапсырма берді.