Украина көмір дағдарысына тап болды. Мемлекет қатты отынды теңіз арқылы Америка мен Оңтүстік Африка елдерінен тасымалдауға көшті. Дей тұрғанмен, көмір дер кезінде жеткізілмесе, Үкімет аймақтарда жарықты кезекпен сөндіруге мәжбүр болмақ. Әсіресе, соңғы аптада Еуропада газдың бағасы тым шарықтап кетті. Бүгінде қарт құрлық елдеріндегі көгілдір отынның мың текше метрінің құны 2 200 доллардан асып жығылады. Ал күзде 150-300 доллар шамасында болған. Газ бағасының шарықтап кетуіне байланысты электр энергиясын өндірушілер көмір қолдануға көшкен. Әлбетте, мұндай жоғары сұраныс Украинада қатты отын тапшылығын тудырды. Украина билігі қазақ көмірінің тасымалы жолға қойылады деп үміт артып отыр.
Александр Кава, Украина Қаржы министрінің орынбасары:
Қазір Үкімет қазақстандық көмірді Украинаға жеткізудің баламалы жолдарын пысықтап жатыр. Транскаспий бағыты қайта жандануы мүмкін. Яғни, Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Грузия және одан әрі Қара теңіз бойымен тасымалдау картасын қарастыру үстіндеміз. Жалпы көмірге қатысты қиындық қаңтар айының аяғында, ақпанның басында қатты сезілуі мүмкін.