Қазақстан-Бельгия қатынасының 34 жылдығына орай велошеру өтті
Қазақстан мен Бельгияның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 34 жыл. Атаулы датаға әрі спорт күніне орай еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі Брюссельде велошеру ұйымдастырды. Дипломаттар, қазақстандық студенттер, диаспора өкілдері мен бельгиялық серіктестер Брюссельдің ең көрікті жерлерінің бірі Атомиумнан жолға шығып, 34 шақырым жүріп өтті. Велошеруге «Astana» велокомандасының бұрынғы мүшесі, Олимпиада ойындарының қатысушысы, жерлесіміз Андрей Кашечкин арнайы қатысты. Еліміздің Бельгиядағы елшісі Роман Василенко отыз төрт жыл ішінде қос мемлекет өзара құрмет пен сенімге негізделген берік әріптестік орнатқанын атап өтті. Елшінің айтуынша, осы күзде бельгиялықтар Королі Филипптің Қазақстанға мемлекеттік сапары жоспарланып отыр. Қос тарап өкілдері осы сапар екі ел арасындағы достықты одан әрі бекемдейтіне сенімді.
Роман Василенко, ҚР Бельгиядағы елшісі, Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы тұрақты өкілі:
Біз бельгиялықтар Королінің Қазақстанға сапарын асыға күтудеміз. Елімізге бельгиялық кәсіпкерлерден, университет ректорларынан, министрлер мен федералды үкімет, аймақтық үкімет мүшелерінен құралған үлкен делегация бармақ. Бұл біздің қарым-қатынасымыздағы өте маңызды, бұрын-соңды болмаған оқиға. Сондықтан біз осындай түрлі шаралар арқылы сапарға қызу дайындалып жатырмыз.
Андрей Кашечкин, велошабандоз, «Astana» велокомандасының бұрынғы мүшесі:
Осы шараға қатысу мен үшін өте маңызды. Жастарға өз мақсатына берік болып, спортпен айналысуды тілеймін. Қазір Қазақстан спортқа қыруар күш, энергия мен қаржы жұмсауда. Бұл тұрғыда Қазақстан Еуропа елдерінің өзін шаң қаптырып отыр. Еліміздегі спорттың қарқынды дамып келе жатқанын Әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары кезінде көріп отырмыз. Еліміз дами берсін, барша халыққа мықты денсаулық тілеймін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы