Басты Жаңалықтар Форт-Шевченкодағы көне бекініс абаттандырылады

Форт-Шевченкодағы көне бекініс абаттандырылады

Маңғыстауда Форт-Шевченко қаласының тарихи келбеті ерекше. Мұндағы көне бекініс, ғасырдан астам тарихы бар мектеп және тарихи ескерткіштер шаһардың өткенінен сыр шертеді. Енді осы мұраны сақтап, туристерге танытуға басымдық берілмек. Аягөз Оралбайқызының бейнематериалы.

Форт-Шевченкоға кіреберістегі төбе басында көне «Новопетровск» бекінісінің орны сақталған. Халық арасында Қорғантас аталған тарихи нысан қаланың қалыптасу тарихымен байланысты. Бүгінде одан кейбір бөліктері ғана қалған.

Жанқожа Саназаров, Форт-Шевченко қаласының тұрғыны:

Бекіністің қалыңдығы сыртынан 1,5 метр шарбақпен қоршалған. Сыртынан көрініп те тұр, мұның периметрі 700 метр. Жалпы бекіністің тұрған жері ұзындығы 250 метр де, ені 40 метрдей. Мына қасымызда тұрған ескерткіш Иса-Досанның ескерткіші бекер тұрған жоқ. Ол осы бекініске қатысы бар тарихтың бір жалғасы.

Көне бекініс маңында Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлына арналған ескерткіштер де бар. Яғни шаһардың бір ғана аумағында бірнеше тарихи нысан шоғырланған. Жергілікті тұрғындар осы орындарды абаттандырып, кейінгі ұрпаққа танытуды ұсынды.

Қуаныш Сүйеубаев, Түпқараған ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Ол бекініс бұрын атауы Қорғантас болған. Қазір орны жойылды. Тек қана ізі қалды. Қазір де оның идеологиялық маңызы жоқ. Біздің мына келешек ұрпақ үшін осы жерде бір патриоттық сезім беретін, ұрпақтың тәрбиесіне пайдасы бар үлкен кешен жасағымыз келеді.

Қала әкімінің айтуынша, көне бекіністің орнын абаттандыруға арналған арнайы жоба бар. Соны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Айбек Даншабаев, Форт-Шевченко қаласының әкімі:

2023 жылы 600 млн-ға негізгі жобасы жасалды. Бірақ белгілі бір себептермен қаражат мәселесіне байланысты тоқтап қалды. Қазіргі таңда сол жобаның мерзімі өткеннен кейін түзетуге беріп қойдық. Осы халықтың сұранысы бойынша сол бекіністі абаттандырғымыз келеді. Туризмді дамыту бағытында. Сонымен қатар, өзіміздің теңіз жағамыз бар.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Қаладағы тарихи нысандардың бірі – осы ғимарат. Бұл осыдан 117 жыл бұрын еуропалық стильде салынған мектеп. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, мызғымас мықтылығымен ерекше. Мұнда әр жылдары жөндеу жүргізіліп, күні бүгінге дейін жатақхана, кітапхана, оқу орталығы ретінде қолданыста.

Форт-Шевченкода мұндай тарихи ғимараттар аз емес. Каспий жағалауындағы шаһарға туристердің қызығушылығы да артып келеді. Бүгінде мұнда 8 мыңнан астам халық тұрады. Тарихы терең Форт-Шевченкоға биыл 180 жыл толды.


Бөлісу