Мәскеу қаласында Наурыз мейрамы 2005 жылдан бері тойланып келеді. Биыл да, 22 наурыз күні Ресей астанасында Наурыз-думан өтеді. Ұлық мерекеге Наурызды тойлайтын 16 диаспораның өкілдері мен бірқатар мемлекеттің елшіліктері қатысады.
Мәскеудегі ұлттар үйінде қазір Наурыз мерекесіне орай күнделікті дайындық өтіп жатыр. Бүгін бұл жерге қазақ диаспорасының белсенділері жиылды. Себебі ұлық мереке кезінде, әрбір ұлт өз тілінде ән шырқауы тиіс.
Соған орай қандастарымыз қазір Наурыз-думан әнін айтып жаттығуда. Мәскеудегі сан алуан ұлыстың алдында, қазақтың абыройы асқақ болсын деп, шараға жасы да, жасамысы да қатысады.
Әбуислам Тұрсынбаев, Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының төрағасы:
Қазағым деп жүрген, осы жерде еңіреп жүрген ерлердің ісі, былайша айтқанда. Екіншіден, бұл жерде патриотизм бар. Наурызда қазақ қарап жатпауы тиіс деп ойлаймын.
Мәскеудегі Наурызға биыл қалада тұратын 17 диаспора мен 6 бірдей мемлекеттің елшілігі атсалысады. Яғни, әз-Наурыз - діні мен ділі бір, тілі мен түрі ұқсас түрлі ұлтқа ортақ мереке.
Хуршеда Хамракулова, Мәскеу үкіметі жанындағы ұлттар ісі жөніндегі кеңестің мүшесі:
Біз Мәскеу үкіметіне Наурызды тойлайық деп алғаш рет ұсыныс жасаған. Басты мақсат - осынау мереке арқылы халықтар достығын арттыру деп айтқанбыз. Сондықтан бастама бірден қолдау тапты. Наурыз кезінде Мәскеуде тұратын көптеген ұлт пен ұлыстың басы қосылады. Бір сөзбен айтқанда Наурыз – бірлік мерекесі.
Наурыз кезінде диаспора өкілдерінің концертінен бөлек, әр ұлттың дастарқаны жайылып, қолөнер бұйымдарының көрмесі және би сайысы өтеді.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Осылайша, Мәскеу жұртшылығы Наурыз мейрамын биыл жалпықалалық деңгейде 9-шы рет тойлағалы отыр. Ұлық мереке Ресейдегі ең танымал сахналардың бірі саналатын, мемлекеттік «Ресей» концерт залында өтеді. Қазір оған барлық тарап қызу дайындалып жатыр.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ