1991 жыл, 24 желтоқсан. Қазақ елі тәуелсіздігін жария еткеніне 8 күн болды. Осыдан 30 жыл бұрын ҚР Жоғарғы Кеңесі салықтар туралы бірқатар заң жобаларын қарады. Бұл - бюджеттің бүйірін толтыру тетіктерін жетілдірудің алғашқы қадамдары еді.
Құжаттар осыған дейінгі отырыста да егжей-тегжей зерделенген болатын. Нәтижесінде бірден 9 заң мақұлданды. Олардың арасында қосымша құн салығына, акцизге және жеке тұлғалардың мүлкіне қатысты құжаттар болды.
Алданыш Нұрымов, 1991-1995 жж. ҚР Қаржы министрлігі бас салық инспекциясы бастығының орынбасары:
«Қосымша құн салығы бұл Қазақстанда тұңғыш рет. Тарихта болмаған. Нарықтық экономикаға көшкеннен бастап енгізілді ғой. Қосымша құн салығы 28 пайыз болды сол кезде. Ал қазір 12-ақ пайыз. Ал мына жеке табыс салығы зарплатадан 30 пайыз болды. Қазір небәрі 10-ақ пайыз».
1991 жылы қабылданған заңға сәйкес, жанама салық – акциз бірнеше тауар мен өнім түрлеріне енгізілді. Ол тауарлардың тізімі 1995 жылға дейін сақталды.
Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:
«Бекіре балығының уылдырықтары, қымбат балықтардан жасалған деликатестер, хрусталь және фарфордан жасалған қымбат ыдыстар, былғары киімдер, өнімдер, шоколад секілді өнімдереге акциз салынған».
Осы кезеңдерде экспортталатын тауарлар жанама салықтан босатылған болатын. Бір қызығы, сол кезде жеңіл автокөліктерге арналған шиналарға да акциз енгізілген еді.
Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:
«Шиналардан түскен акциз салығы сол кезде құрылған жол қорына аударылып отырған. Ақшаның барлығы еліміздің жолын жөндеуге арналған шығындарға бағытталған болатын».
Жылдар бойы салық жүйесін оңтайландыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді. Озық елдердің тәжірибесі зерделенді. Акциз салынған тауарлар саны қысқарды. Салық түрлері де азайды.