Алматы облысында бекіре балығын өсіру қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында бекіре балығын өсіру қолға алынды

24.12.2021

Алматы облысында алғаш рет термальды суда бекіретұқымдас балық өсіру қолға алынды. Қарадала аумағында жер астынан шығатын ыстық су балықтың жылдам жетіліп, көбеюіне өте қолайлы. Кәсіпорын мұнан бөлек африкалық жайын да өсіріп жатыр. Ерекше кәсіпті бастаған шаруалар жайлы өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы толығырақ. 

Сібір және орыс бекіресі, тілмай мен шоқыр сынды бекіре тұқымдас балықтар жылы суда тез өсіп-өнеді. Осыған ғылыми тұрғыда көз жеткізген Мәрлен Тұрсынәлі балық санын көбейтіп жатыр. Шаруашылықта бекіренің мың бас аналығы және 7 мың шабағы бар. 

Мәрлен Тұрсынәлі, облыстық балық өсірушілер қауымдастығының президенті:

Біздің өзімізге қызығырақ болып тұр. Мұндай суда қалай өседі. Өйткені бұл су термальды су болғанымен 27 градус бекіре балығына өте қолайлы. Басқа облыстарда ол суды қыздыру керек. 

Шаруашылыққа 50 млн теңге инвестиция салынды. Жылына 50 тонна бекіре және 120 тонна африка жайынын өндіру көзделген. Уылдырық шығару да жоспарда бар. 

Олжас Таңжарық,  шаруашылық басшысы:

Алдағы екі жылдың ішінде 300 млн теңге инвестиция жоспарда тұрмыз. 10-15 адамды жұмыспен қамтамасыз ету, дәл қазір жеті адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. 

Жыл басында балық шаруашылығы комитеті құрылғалы елдегі көптеген балық өсірушілер шаруасы ширай бастады. Арнайы бағдарлама бұл кәсіптің дамуына өз септігін тигізбек. 

Ринат Қумашев, Балқаш-Алакөл облысаралық балық инспекциясы басшысының орынбасары:

Жаңадан бес субсидия түрі кіргізілді. Балықтың уылдырығы 50 пайыз субсидияланады. Осындай шаруашылық салғандардың биологиялық негіздемесі субсидияланады.

Биыл өңірде 4 мың тоннаға жуық балық өсіру көзделген. Алайда шаруалар қазірдің өзінде 6 мың тоннадан асырды. Ал 2030 жылға қарай 25 мың тоннаға дейін балық өсіру жоспарланған. 

Қуаныш Қанатұлы

 

Хабарламаларға жазылу