Қаңғыбас иттерді көшеде тырқыратып қуып жүріп атып тастауға Заңмен тиым салынды. Тіршілік иелерін мертіктіріп немесе өлтірген азаматтарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сенатта «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданды. Жаңа құжатта жануарларды күтіп ұстау, есепке алу, тасымалдау, өсіру жөніндегі міндеттер нақты белгіленген.
Жануарларға адамгершілікпен қарау –қоғам дамуының көрінісі. Алайда елімізде оларды қорғаумен қатар, қорлау фактілері жиі кездеседі. Ит-мысықты аяусыз ұрып-соғып, қатыгездікпен өлтіріп, тірідей өртеп жатқан бейнежазбалар әлеуметтік желіде талай рет тарады. Бұдай былай жануарларға зәбір көрсететіндерге де, жалпы дұрыс қарамағандарға да жаза күшейтіледі.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
Үй жануарларын ұстау және серуендеу, жануарларды тасымалдауға қойылатын талаптарды бұзған жағдайда жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш, лауазымды тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш, заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Қабылданған Заң аясында Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіледі. Жануардың мертігуіне немесе өліміне кінәлі болған қатігез адамға 3 миллион теңгеге дейін айыппұл салу, бір жылға дейін бас бостандығын шектеу қарастырылған. Қатаң жаза қолдану арқылы осы саладағы жағдайды реттеу көзделген. Себебі қазіргі статистика көңіл көншітпейді.
Мұхтар Жұмағазиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Ағымдағы жылдың 9 айында жануарларға қатыгездікпен қарауға байланысты 50 құқықбұзушылық іс тіркелген. Яғни, өткен жылға қарағанда, 13,6 пайызға артып отыр.
Бұдан былай, қаңғыбас жануарлар санын олардың көзін жою арқылы реттеуге болмайды. Төрт аяқтылардың азап шегуін тоқтату немесе халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде ғана өлтіруге рұқсат . Сонымен қатар, барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салынбақ. Жалпы, малды аяқпен тебуге, жылқыны бастан ауыздықпен соғуға болмайтынын ата-бабалар ерте заманда айтып кеткен. Киесі ұрады деп қорққан. Қазіргі қоғамды Заңмен қорқытуға тура келіп тұр.