Астанада Наурыз мерекесі қарсаңында қоғамдық көлік қозғалысының кестесі өзгереді. Бұл туралы бүгін Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Сабыр Жүсіпбеков мәлімдеді.
21 наурызда Тәуелсіздік даңғылы мен Байтұрсынов көшесін жабу кезінде 3, 4, 14, 19, 21, 32 және 40 нөмірлі қоғамдық көлік бағдарлары Қошқарбаев даңғылы - Обаған көшесі - Нәжімеденов көшесі бойынша айналып жүреді.
Оның айтуынша, мерекелік шаралар өтетін бұл аумақта қозғалыс мүлдем тоқтатылып, техникалық көліктерге және қоғамдық көліктерге кіруге ғана рұқсат етіледі.
Сонымен қатар, «Хазірет Сұлтан» мешітіне жұма намазына баратындар үшін сағат 11:30-дан 15:00 аралығында жоғарыда аталған бағдарларға қосымша автобустар ұйымдастырылмақ.
С. Жүсіпбековтің сөзіне қарағанда, бүгіннен бастап мерекелік шаралар өтетін Тәуелсіздік даңғылында дайындық жүргізілуде. Сондықтан көлік қозғалысы кестесіне өзгертулер енгізілмек. Жеке автокөлік иелерінің аталған көшелерде жүру бағдарын алдын-ала қарастыруы ескертіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының кейбір көшелерінде де жол қозғалысы шектеледі.